Әлеуметтік желіде Эльмар Хусаинов есімді қолданушы Қазақстанның солтүстік өңірлеріне қатысты мәлімдеме жариялады. Алайда министрлік бұл жазбадағы ақпаратты фейк деп атады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол өз жазбасында:
"Әділет министрі Сәрсембаев солтүстік облыстарға жеке құқықтық мәртебе ұсынды. Бұл нені білдіреді? Кім не біледі?", - деп жазған.
Аталған жазбадан кейін желіде Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев еліміздің солтүстік аймақтарына ерекше құқықтық мәртебе беруді ұсынды деген мазмұндағы ақпарат кеңінен тарай бастады.
Алайда Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдеді.
Министрлік таратқан ақпаратта әлеуметтік желілерде жарияланған мұндай деректердің жалған екені атап өтті.
Сондай-ақ ведомство жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.
Осыған байланысты Әділет министрлігі азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын тек ресми дереккөздерге және тексерілген ақпаратқа сүйенуге шақырды.
