Әділдік жүрген жерде жүрек тыныш, қызмет абыройлы болады

Dalanews 16 февр. 2022 03:48 1037

Мемлекеттің дамуына бармақ басты, ат үсті қарамаған бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.

Сыбайлас жемқорлық ұғымы қоғамның қай саласын алсаңыз кездеседі. Еліміздің құқық бұзушылар туралы статистикаға жүгінсек, сыбайлас жемқорлық бойынша жауапқа тартылған азаматтардың дені жоғары лауазымды тұлғалар екеніне көз жеткізуге болады. Яғни, мемлекет мүддесіне жұмсалатын қаржыны өз пайдасына жаратты деген мысалдар көп кездеседі.

Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін, билікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, жалған құжаттар жасау, сеніп тапсырылған мүлікті иеленіп алу, ысырап ету, жалған жауап беру, жалған есеп шоттар осындай олқылықтар сыбайлас жемқорлықтың белең алуына әкеліп соғады.

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық дамуға, өркендеуге кері әсер ететін, елдің алға жылжуына, болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс.

Жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керек. Халық өздерінің құқықтарына қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда нендей әрекет жасау керектігін білгені жөн. Халыққа түсінікті тілмен түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстары жандануы шарт.

Осы орайда, Ақтөбе облысында зағип оқырмандарға қызмет көрсетіп келе жатқан арнаулы кітапхана жыл сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоспарды өз деңгейінде жүргізіп келеді.

Түрлі  шаралар дауыстап оқу, мемлекеттік қызмет өкілдерімен кездесу, кітап көрмесі, қалың оқырманды құқықтық сауаттылыққа үйретеді. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.

Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді.

Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сырқатты жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, адамзаттың ойын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет.

Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы сыбайлас жемқорлықпен күресу жолында  «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандарымен әрдайым байланыста. Сөзімнің дәлелі ретінде облыс көлемінде өткен «Арыңды таза ұста» байқауында кітапхана қызметкерлері қазіргі заман бейнесін ертегі кейіпкерлері арқылы жеткізді.

Әділдік жүрген жерде жүрек тыныш, қызмет абыройлы, болашақ жарқын болатыны ақиқат. Әркім мемлекеттік қызмет жолында жүргенде арқасындағы жүк салмағын сезінгені дұрыс. «Не алдым, не бердім» деген сұраққа өзінен жауап тапқан қызметкер сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді.

Құндыз ҚОНЫСБАЙ, Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының қызметкері

Рекомендовать
Последние новости