«Адасқанымды кеш түсіндім». Қыз-келіншектер жат ағымның қармағына қалай түседі?

Dalanews 03 авг. 2022 05:13 1445

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында тұратын  32 жастағы Жанар (ред., кейіпкердің аты-жөні өзгертілді) интернет арқылы қыз-келіншектерді радикалды ағымға кіргізгені үшін екі жарым жылын абақтыда өткізген. Діни романтикаға бой ұрып, ислам дінін жамылушылардың уағызына еріп кеткен кейіпкеріміз бүгінде өткен ісіне өкінеді.

Қазір қарапайым ғана дүңгіршекте сауда сатып жүрген елорда тұрғынымен Dalanews тілшісі сұқбаттасты.

– «Адамның басы – Алланың добы» деген рас екен. Сізге сұқбат беруге келіскеннен кейін ұзақ уақыт ойландым. Сұрақтарыңызға жауап беріп, соңғы үш жылдағы өмірім кино лентасындай көз алдымнан өтіп жатты. Мен өзім Оралдың қызымын, мамандығым педагог. 28 жасымда тұрмыс құрдым, елордадағы жалпы білім беретін мектептердің бірінде география пәнінің мұғалімі болдым. Кейіннен сәбилі болып, декреттік демалысқа шықтым. Осы кезде жолдасым да жұмыссыз қалды, үйде күнде жанжал,  ішіп алғанда күйеуім маған қол көтеретінді шығарды. Бір жарым жыл болмай жатып, жолдасыммен ажырастық. Содан ішкі жан-дүнием алай-дүлей, күн сайын жылаймын. ВКонтакте желісінде түрлі мұңлы жазбалар жазамын, әндермен, түрлі цитаталармен бөлісемін. Осындай күннің бірінде менің жекеме Кәрім есімді жігіт хат жазды. Жазбаларымнан мұңайып жүргенімді байқағанын, жаратушының сынақты сүйген құлдарына ғана беретінін айтып, жұбата бастады. Түрлі уағыздар, діни әуендер, хадистер жіберетін. Осы кез жетімсіреп жүрген көңілім жұбаныш тапқандай күй кештім, – дейді Жанар.

Кәрім мен Жанар желі арқылы бір жарым айға жуық сөйлескен. Ол Жанардың діни білімі жоқ екенін пайдаланып, радикалды идеологияны насихаттаған.

«Ол менің өміріме, проблемаларыма қызығушылық танытты. Біздің қызығушылықтарымыз да ортақ болып шықты. Тіпті ол мені баламмен қабылдауға дайын екенін айтты. Осылайша маған Исламды үйрете бастады. О баста Исламның тарихы, мейірімділігі, әділдігі туралы айтты. Уақыт өте келе менің дінге басыммен кіріп кеткенімді көріп, ол шариғат заңдары туралы, «кәпірлер» елінде өмір сүрудің күнә екенін, Сирияда қудалауға ұшыраған мұсылмандарға көмектесу қажеттігі туралы айта бастады. Ол маған сенім негіздерін үйрету үшін үнемі видеолар  жіберетін. Танысқаннан кейін бір-екі ай өткен соң, Кәрім менің некемнің Ислам дінін дұрыс ұстанбайтын елде қиылғанына және оның Құдай алдында жарамсыздығына сендірді. Аздаған уақыттан соң мені келіп алып кететінін айтты. Күн сайын өзінің сымбатты фотоларын жіберіп, арасында видеобайланысқа шығып жүрді», – деді ол.

Интернет арқылы радикалдың тауарына айналған Жанар уақыт өте келе адамдарды «кәпірлер» және «шынайы мұсылмандар» деп екіге бөле бастаған.

– Мен айналамдағы адамдарды, туыстарымды «кәпірлер» және «мұсылмандар» деп іріктей бастадым. Тіпті бөтен үйден ет жемейтінді, туған күн, той-томалаққа бармауды шығардым. Маған қазақстандықтардың бәрі «күнахар» болып көрінетін. Тіпті күн өткен сайын мен өз елімді жек көре бастадым. Осы сәтте Кәрім маған Сириядағы бауырластарға Қазақстаннан әйел тауып беру қажет екенін айтты. Осылайша әлеужелі арқылы мен материалдық және психикалық қолдауды қажет ететін әйелдер, қиын өмірлік жағдайға тап болған жалғызбасты, білімсіз қыз-келіншектерді құрығыма түсіріп отырдым. Мен олардың әлсіз жақтарын пайдаландым, біреуіне қаржылай көмек, енді біріне моральдық қолдау білдіріп өзіме тәуелді еттім, – деді ол.

Осылайша Жанар қыз-келіншектермен құрбы болып, кейіннен «иман жолындағы» ағаларымен таныстырып отырған.

– Барлығымен интернет арқылы сөйлесетінмін. Әбден сенімдеріне кірген соң, менің «ахи ағам» бар екенін алға тартып, нөмірлерін беріп, байланыстыратынмын. Әрі қарайғы жұмысты сол жігіттер өздері атқаратын. Мен үшін ол қыздардың барлығы тек «тауар» болатын. Кейін барып өзімнің де Кәрім үшін «тауар» болғанымды ұқтым. Бірақ ол кезде бәрі кеш болатын. Тек Сирияға кетпей қалғаным қуантады. Негізінен ол жаққа қаражат жинап, екі айдан кейін кетпекші болып жүрген едім. Тіпті Түркияға билет те алып қойғанмын. Бір күні үйіме құқық қорғау органдары келіп, радикалды ағымды насихаттағаным үшін тұтқынға алды. Олар мені тұтқындамағанда бәлкім қазір бұл дүниеде болмас та едім. Осылайша мен екі жылға бас бостандығымнан айырылдым. Ата-анам мен бауырларым үшін бұл адам сенгісіз жағдай болды. Олар менің осыншалықты ақымақ болғаныма сене алмады. Бірақ амал қанша, жазамды өтеуге тура келді. Түрмеде менімен дін мамандары жұмыс істеп, теріс көзқарасымнан қайтарды. Бүгінде мен өзіміздің дәстүрлі Ислам жолын ұстанушымын. Өткен ісіме өкінемін, ең қиыны өзге де қыз-келіншектердің тағдырына балта шапқаным. Солардың кейбірін түсімде көремін... Қыздар, әлеуметтік желіде сізге әдемі сөз айтып, дін туралы уағыз айтатын жігіттерге сенбеңіздер! Діни білімдеріңізді кеңейтіңіздер, ізденіңіздер. Мен сияқты опық жеп қалмаңыздар, – деп аяқтады әңгімесін кейіпкеріміз.

ҚР АҚДМ Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежановтың мәліметінше, 2021 жылдың басынан бері 80 мыңнан астам деструктивті материалдар жойылып, 300-ден астам жарияланым бұғатталды. Мемлекеттік органдар Интернетте және әлеуметтік желілерде экстремистік материалдарды анықтау және бұғаттау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп отырады.

Дегенмен жат идеологияны насихаттайтын материалдар желілерде әлі де орын алуда. Әлемнің барлық елдері тыйым салынған материалдарды таратумен белсенді күресіп, бұғаттап жатыр. Бірақ бір уақытта барлық контентті толықтай бұғаттап, өшіріп тастау мүмкін емес. Себебі радикалдардың өзі оларды үздіксіз ғаламтор желісіне орнатып отырады.

Тек 2020 жылы ғана ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі интернеттегі 73 мыңнан астам деструктивті материалдарды анықтап, бұғаттаған.

– Мемлекеттік ұйым тарапынан радикалды контенттерді анықтап, бұғаттауға кемі 2 тәулік уақыт қажет. Процесс оны анықтаудан басталып, сарапта жүргізу, бұғаттау үшін қадағалау органдарының тексерісіне бағыттаумен жалғасады. Аталған процедура барлық елдің бақылау органдарында жүзеге асырылады. Контенттің өсуі радикалды ағымдардың өз идеологияларының көбеюіне мүдделі болуында жатыр, бүгін бір контентті өшірсең, сол күні басқа бір платформада екінші бір контент жүктеледі. Бүгінгі таңда барлық заманауи террористік ұйымдардың өздерінің медиа орталықтары, электронды басылымдары бар, олар бюрократиялық кідірістерсіз, өте жоғары кәсіби деңгейде аудио, видео, ақпараттық материалдар әзірлеп, таратады. Әлеуметтік медиа платформаларда жаңа арналар мен аккаунттар құратын радикалдар да, олардың ақпараттық жақтаушылары мен «жанашырлары» да жинақталған радикалды мазмұнды контен таратушылар болып табылады, – дейді сарапшы Серікбол Билялов.

Айжан Қалиева 

 

Рекомендовать
Последние новости