"Адал өмір сүрдім, бар мәселе тегімде...". Мәсімовтың інісі мұңын шақты

Dalanews 07 авг. 2023 09:57 836

Павлодар полициясының бұрынғы басшысы, Кәрім Мәсімовтің немере інісі - Нұрлан Мәсімовті 13 жылға бас бостандығынан айыру сұралды, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп.

Мәсімовке бірден бірнеше бап бойынша айып тағылды: «Аса ірі мөлшерде пара алу», «Бір топ адамдармен бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлау» және «Қазақстанның мемлекеттік бөлігін шекарадан және бақылау пункттерінен тыс жерде қасақана заңсыз кесіп өту».

Осыларды ескере отырып, мемлекеттік айыптаушы барлық бапты қосқанда жалпы 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

«Соттан Нұрлан Мырзаханұлы Мәсімовті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 4-бөлігінде, 189-бабының 4-бөлігінде (2-тармағы) және 392-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп тануды сұраймын», - деді сот талқылауы барысында прокурор Азамат Ғарифулла.

Сондай-ақ прокурор Алматы облысы Алакөл ауданы Ақши ауылындағы ағаш үй мен моншаны және Алматыдағы үйді жөндеуге жұмсалған 16 миллион теңгенің мүлкін тәркілеу қажет деп есептейді. Айыптаушы тараптың айтуынша, бұл дүиелер кәсіпкерден пара ретінде алынған.

Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы Нұрлан Мәсімовті мемлекеттік қызметте, мемлекеттік органдарда және қаржы институттарында қызмет атқару құқығынан айыру керек деп есептейді.


Айтпақшы, тергеу мәліметтері бойынша, 2020 жылдың сәуір айында Нұрлан Мәсімов өзінің орынбасары Дамир Сиразидимовке сенімді адам, яғни Алматы облысы, Алакөл ауданы, Ақши ауылындағы ағаш үйден өзіне екі қабатты коттедж бен моншаны тегін салып беретін, сонымен қатар Алматы қаласында орналасқан үйінің жертөлесін сауна мен демалыс бөлмесіне қайта жабдықтап, жөндеп беретін кәсіпкер табуды тапсырған.

Мәсімов оған бұл қызметі үшін Павлодар облысы полиция департаментінің мемлекеттік сатып алу конкурсын жеңіп алуға көмектесуге уәде берген. Салдарынан мемлекетке 420 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.

Сот талқылауында Нұрлан Мәсімов шекарадан өткені үшін ғана кінәсін мойындайтынын еске салды. Сонымен қатар, Павлодар облысы ПД-нің экс-басшысы бұл іс ойдан құрастырылғанын, өзі мен басқа айыпталушыларды елімізде болып жатқан жағдайдың құрбаны деп есептейтінін айтты.

«Менің фамилиям үшін ғана бәріміз жағдайдың құрбаны болып отырмыз. Қаңтар оқиғасынан бір жыл бұрын мемлекеттік сатып алу мәселесі көтерілсе, бәріміз бұл жерде отырмас едік. Есіңізде болсын, процедураларды көптеген мемлекеттік органдар бірнеше ай бойы тексерді, қылмыс құрамы болмаған.

Ал өткен жылдың басында кенеттен қылмыстық құрам пайда болды. Іс ашылды, қазір біз сотта жатырмыз, сол жерде айыптаушы тараптың қисынсыз дәлелдері келтіріліп жатыр.


Прокурор мені генералдық шенімнен, президенттің еңбегім үшін берген «Айбын» орденінен айыруды талап етеді. Мені марапат пен атақтан айыратынын білемін. Бірақ мен оларға өз еңбегіммен қол жеткіздім. Қызметтің барлық сатысынан өттім, адамдарды құтқардым, жарақат алдым. Ал мен адал өмір сүретінімді білемін. Ал сіздерден, құрметті алқабилер, ар-ұжданды басшылыққа алуларыңызды сұраймын», – деді Нұрлан Мәсімов

Атышулы іс бойынша сот үкімі алдағы күндерде шығады.

Еске салайық, Нұрлан Мәсімов өткен жылдың 13 шілдесінде шекарадан өтпек болған жерінде ресейлік тарап ұстаған болатын. Бұл туралы ҚР ҰҚК хабарлады.

Сурет: Orda.kz

Рекомендовать
Последние новости