Абай облысынан Моңғолияға әуе рейсі ашылуы мүмкін

Ақтоты Жапатова 21 мая 2025 10:47

Абай облысының әкімі Берік Уәли халықаралық «Үлкен Алтай» субөңірлік ынтымақтастық конференциясы аясында Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесі Тачен (Тарбағатай) аймағының партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэймен кездесті, деп хабарлайды Dalanews.kz

Кездесу барысында Абай облысы мен Тачен (Шәуешек) қаласы арасындағы арасындағы екі жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Аймақ басшысы Абай облысы мен Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесі арасындағы шекараның ұзындығы 250 шақырымнан асатынын, оның ішінде Бақты кеден бекетінің маңызды рөл атқаратынын айтты. Облыстың стратегиялық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі бағыттарының қиылысында орналасуы транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ол Семей қаласында халықаралық талаптарға сай әуежай жұмыс істейтінін айтып, "Семей-Үрімжі-Семей" және "Семей-Тачен" бағыттарында әуе рейсін ашу туралы ұсынысын жеткізді.

Тачен (Тарбағатай) аймағының партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэй "Аягөз-Тачен" темір жол желісі мен "Семей-Тачен" бағыттарындағы әуе рейстерінің маңызды екеніне тоқталып, Бақты кеден бекетінің жұмысын жандандыруға байланысты ұсыныстарын айтты. 

Аймақ басшысы кездесуде айтылған ұсыныстар жан жақты қарастырылатын, "Аягөз-Тачен" темір жолы құрылысы Президент тапсырмасына сәйкес биыл басталатынын жеткізді.

Облыс әкімі Алтай қаласындағы жұмыс сапары барысында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының губернаторының орынбасары Бақытжан Қағбатұлы бастаған делегациямен де кездесті. Баян-Өлгей аймағының өкілдері кездесуде Семей мен Баян-Өлгей қалалары арасында әуе рейсін ашу, мал шаруашылығы өнімдерін өткізуге, туризмді дамытуға қатысты ұсыныстарын айтты.

«Екі ел арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға дайынбыз. "Баян-Өлгей-Семей" бағытында әуе рейстерін ашу бойынша екі ел Үкіметінің Сыртқы істер министрлігінің деңгейінде тезірек шешілуіне ықпал ететін боламыз. Сондай-ақ Семейдегі ет комбинатына мал етін тасымалдауды ұлғайту бойынша ұсыныстарыңызды қолдаймыз. Және екі ел арасындағы туризмді дамытуға мүдделіміз”, - деді облыс әкімі.


Рекомендовать
Последние новости