“ҚазАвтоЖол” республикалық маңызы бар автожолдардағы қар мен мұзды уақытылы тазаламағаны үшін жүргізушілердің айыптауына ұшырады. Осыған байланысты компания атқарған жұмыстары жайлы егжей-тегжейлі есеп берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Тек мереке күндері республикалық маңызы бар жолдардан 6,2 миллион текше метрден астам қар шығарылды. 1-4 қаңтар аралығында күн сайын жолдарда 850 техника бірлігі мен 1 100 адам жұмыс істеді.
Мереке күндері 18 мың текше метрден астам көктайғаққа қарсы материал қолданылып, республикалық маңызы бар автожолдардың барлығынан шамамен 6,2 миллион текше метр қар тазаланды", – деп хабарлады “ҚазАвтоЖол” компаниясы Патриот telegram-арнасына.
“ҚазАвтоЖол” ұсынған мәлімттерге сүйенсек, компания қарқынды жұмыс істеп жатқандай әсер қалдырады.
“Алайда жүргізушілер жолдардағы көктайғақ пен қар үйінділеріне әлі де шағым түсіріп жатыр. Айта кетейік, бұл – ақылы жолдар”, — дейді Патриот telegram-арнасы.
Еске салайық, бұған дейін "ҚазАвтоЖол" Астана маңындағы тасжолда 95 автокөлік соқтығысқаны туралы мәлімдеген еді.
3 қаңтарда сағат 07:20-да ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар "Астана-Петропавл" автожолының (18-232 шақырым) учаскесінде барлық автокөлік түрлерінің қозғалысына шектеу енгізілді. Ауа райы жақсарғаннан кейін және жол тазартылған соң, сағат 12:30-да Щучинск қаласы бағытына қозғалыс полиция департаменті қызметкерлері мен "ҚазАвтоЖол" арнайы техникамен ұйымдастырылды.
Алайда алдын ала мәліметтер бойынша, жүргізушілердің жылдамдық режимі мен қауіпсіз қашықтықты сақтамауынан сағат 13:28-де жолдың 153-шақырымында, Жанаталап ауылы маңында шамамен 95 көлік жаппай жол апатына түскен.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен "ҚазАвтоЖол" мамандары жұмыс істеді. Бір жолақ тазартылып, жарамды көліктер қозғалысын жалғастырған еді. Оқиға орнында 22 біріккен жол машинасы және 2 трактор жұмылдырылған болатын.