“4 жерден жұмыстан шығуға мәжбүр болдым”: Депутат бір жылдық жұмысына есеп берді

Қаракөз Амантай 28 мар. 2024 16:19 2347

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза әлеуметтік желідегі парақшасында бір жыл ішінде атқарған депутаттық жұмысына шолу жасай отырып, жеке басына қатысты біраз қызықты ақпаратты бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“27 наурызда “депутатсың” деп біраз кісі хабарласып құттықтады, бірақ мен тек ресми тізімді күтіп отырдым. Телеграм-каналдар мен сайттарға шыққанда ғана көңілім орнына түсті. Тізім шықты - телефон жарылды. Сәуірдің бірінде наурыздағы 3 күннің жалақысы деп аз-маз ақша түсті.

Аса діншіл адам болмасам да, сол ақшаны ырымдап, мешітке апарып, ниет етіп сандыққа салдым. 28 наурызда 98 депутатқа 98 көмекші келді. Біреулер “өз көмекшім бар” деп Мәжіліс ұсынған көмекшіден бас тартып жатты. Маған Құдайға шүкір жақсы көмекші бұйырды. Өз жұмысын беске білетін, ұқыпты, тәрбие көрген, Дастан деген жігіт”, - деп жазды Самат Нұртаза.

Сонымен қатар ол қанша жалақы алатынын да ашып айтты.

“Жалақы 800.000тг. Депутат болғанға дейін 4 жерде жұмыс жасадым, депутат болған сәтте 4 жерден жұмыстан шығуға мәжбүр болдым, себебі депутаттар қосымша жұмыс жасауға құқығы жоқ. Тек творчестволық жұмыстарға (сабақ беру, сурет салу, өлең айту, спорттық сайыстар) ғана рұқсат”, - деді ол.

Айтуынша, мемлекет тарапынан жаңа қоныс та берілген. Осы тұста ол көршілері депутат Ринат Зайытов пен Ермұрат Бәпи екенін жазған.

“15 сәуірде пәтер берді. Орташа кейіпте, жиһазы ескілеу, кафелі 2005 жылдан бері ауыспаған, төсегі сықырлайды. Екі балконы бар. Көршім Ринат Заитов пен Ермурат Бапи мырзалар. Айына 75 сағат көлік алдыруға рұқсат. Дүкенге, Мектепке, Базарға, қаланың сыртына, Ойын-Сауық орталықтарына баруға болмайды. Сенбі-Жексенбіде машина шақыруға болмайды. Кешкі 20:00 кейін машина шақыруға болмайды. Күндіз тек үкіметтік ұйымдарға ғана баруға рұқсат. Жұмысқа жаяу барғаннан, ол 75 сағаттың айына ары кетсе 10-15 сағатын қолданасың. Болды”, - деді депутат.

Самат Нұртаза осы бір жыл ішінде үш депутаттық сауал айтқанын және 7-8 министрге сұрақ қойғанын атап өткен.

“Депутаттық Сауал - деген түсінік де қызық құбылыс. Қоғам “сөйлеген депутат жұмыс жасайды - үндемеген депутат жұмыс жасамайды” деп ойлайтын сияқты. Олай емес. Депутаттық сауалды бірнеше депутат жасайды, біреу жазады, біреу ой қосады, біреу қатесін жөндейді. Оқитын адам біреу. Яғни “жазатын және сөйлейтін депутаттар бар” деп айтуға болады.

Мәселен, 365 күнде 3 депутаттық сауалды айтып, 15 шақты сауалға өз үлесімді қостым. Біреуден көп, біреуден аз дегендей. Сонымен қатар Үкімет сағаты өткен сайын бір-бір министрден келіп Мәжіліске есеп береді, сол жерде кез келген депутат өз сұрағын қоя алады. 7-8 министрге сайлаушылар өтінген сұрақты қойғаным бар”, - деп жазды ол.


Рекомендовать
Последние новости