"1 АҚШ доллары 540 теңге болып алды". Ұлттық Банктің теңге бағамына ие бола алмай жатқаны ма?

Кәмшат Тілеухан 23 июл. 2025 13:34

Бүгін, 2025 жылы 23 шілдеде қор биржасы ашылған сәтте 1 АҚШ долларының бағамы 537 теңге болып, ары қарай орнынан қозғалмайтындай түр байқатқан. Себебі нарықта көлемі 10 млн долларды құрайтын ірі оферта (ұсыныс) төбе көрсетті. Ұлттық банк немесе квазимемлекеттік сектор осылайша ақша бағамы тізгінін тартып жатқан болуы мүмкін. Дегенмен, бастан өткен тәжірибе көрсеткендей, мұндай "қалқан" да сұраныс жоғары болғанда көпке шыдас бере бермейді. Тура өткен аптадағыдай. Сол жағдай осы аптада да қайталанатын сяиқты. Өйткені қазірдің өзінде қарсыласу деңгейі 537 теңгеден 540-541 теңгеге қарай ойысты. Әзірге, ресми органдар үнсіз. Ал Бектенов оңбай сынға ұшырауда. Себебі 2026 жылы игеріледі деп Үкімет басшысы айтқан шекке АҚШ доллары қас қылғанда бүгін алдын ала жінігіп жетіп алды. Нарық ойыншылары болса, бұл ретте не дейді? Мұны Dalanews.kz сайтынан оқып-біле отырыңыздар.

"Қазір нарықта агрессивті сұраныс анық байқалады. Сатып алушылар тарапынан 534–534,5 теңге деңгейінде жалпы сомасы 2,5 млн доллар болатын өтінімдер қойылған. Ұлттық банк тарапынан қандай да бір іс-қимыл, қорғаныс интервенциялары байқалмайды. Соған қарағанда реттеуші орган теңгенің жаңа тепе-теңдік деңгейіне көшуіне қарсы емес деген болжам жасауға болады. Немесе нарықта өте ірі ойыншы пайда болып, валюта сатып алуда, ал оның бұл әрекеті бірнеше күн немесе аптадағы ақша бағамына жаңаша серпін  беруі мүмкін. Ал бәсекелес деңгей қазір 537-ден 540–541 теңгеге қарай ығысты. Нақтырақ айтқанда, 540 теңгеден 2,5 млн доллар және 540,5–541 теңгеден тағы 0,6 млн доллар көлемінде оферталар пайда болды. Бұл бағаның жоғарғы шегін тіркеу үшін жасалып жатқан әрекет болуы мүмкін. Бірақ сатып алушылар тарапынан қысым айтарлықтай күшейген: 539,5–539,7 аралығында тағы 2,3 млн долларлық өтінім пайда болды.  Демек, теңгенің жаңа бағам дәлізіне ауысуы әбден мүмкін", деп жазады  экономист Эльдар Шамсутдинов өзінің Коментарий Telegram арнасында.

Оның пікірінше, нарық Ұлттық Банктің белсенді араласуынсыз сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді жаңа көлемін сынап көруде.

Ал нарыққа қатысушылар арасында қазір бірнеше болжам қызу талқылануда:

  • Біріншіден, валюта бағамының күрт өсіміне ірі қаржы топтарының бірі, мысалы Jusan тобының ірі көлемде доллар сатып алуы себеп болуы ықтимал. Бұл жағдай валютаға деген сұраныстың маусымдық кезеңдегі артуына сәйкес келіп отыр.
  • Екіншіден, Қаржы министрлігіне еурооблигациялардан түскен қаражатты конвертациялау алдында теңге бағамын әлсіретіп алу тиімді болуы мүмкін деген де пікір бар. Былтыр қазан айында дәл осыған ұқсас сценарий іске асып, теңге бағамы шамамен 20 теңгеге құлдыраған болатын.

Дегенмен бұл қос долбар мемлекеттік органдардың ресми ұстанымы болып табылмайтынын баса айта кетелік.


Рекомендовать
Последние новости