Ауыл әкімдерін сайлауда «Nur Otan»-нан басқа партиялар көзге түспеді - Р.Жумалыулы

Dalanews 21 желт. 2021 12:28 166

Аяқталуға шақ 2021 жылы біздің еліміз үшін маңызды оқиғалар аз болмады. Солардың бірі талайдан бері сөз болған ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлай бастағаны. Қазақстан ғана емес бүкіл Орталық Азияда тұңғыш рет өткізілген осы шара жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастырып қоймай президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған демократиялық реформалардың кезекті көрінісі болып табылады.

Саяси науқанның ұйымдастырылуы мен барысына қатысты түрлі кейде қарама-қайшы пікірлер айтылғанымен бұл оң бағыттағы қадам болды. Біріншіден, дамыған батыс демократиялары сынды бізде 25 шілде – жалпыұлттық сайлау күні ретінде бекітілді.

Екіншіден, сайлауға тек саяси партиялар ғана емес, өзін-өзі ұсынған белсенділер қатысу хақына ие болды. Үшіншіден, жоғарыдан тағайындалмай, әкімді жергілікті тұрғындардың өздері сайлауы оның жауапкершілігін арттыруға әсер етпек.

Осы орайда жергілікті деңгейде арнайы Кеңестердің құрылуы да жұмыс сапасын бақылап керек болса түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Әзірше жаңа тәртіп бойынша 864 ауыл әкімі сайланып жұмысқа кірісіп кетті. Ал жалпы 2024 жылға дейін мемлекет бойынша ұзын саны 2346 әкім сайлануы керек.

Рас, болып өткен сайлаулар нәтижесі бойынша басым көпшілік дауысты саяси партиялар еншіледі. Жеке тұлғамен салыстырғанда тұтас партияның әлеуетіне жүгіну ұтымдырақ болатынын ескерсе ол да ойға қонымды.

Алайда 87 пайыздық көрсеткішті бағындырған Нұр-Отаннан басқа партиялар айтарлықтай көзге түспеді. Олардың ішінде әсіресе парламенттік саналып мемлекеттен әжептәуір қаржы алып отырған «Ақ жол» мен Халық партиясына сұрақ көп.

Жекелеген қоғам белсенділерінің кезінде әкім сайлауын талап етіп, ондай мүмкіндік пайда болғанда бұғып қалуы да қисынға келмейді. Ал енді аталған дода 2024 жылға жоспарланған президенттік және аудан әкімдерін сайлау алдындағы сынақ екендігін назарда ұстасақ, бұл да елдегі саяси күштердің, оның ішінде оппозиция өкілдерінің жаңаша әрекеттеніп жақтастарының санын өсіруде күш салуын талап етеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x