Депутат: "Аймағамбетов бір күн мұғалім болып істеп көрсін"

Dalanews 22 қыр. 2020 10:07 321

Депутат Ирина Смирнова білім-ғылым саласындағы олқылықтар жайлы айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.




Оның пікірінше ғылым саласы дау-дамайға шырмалған. Салаға серпіліс қажет, алайда бұған жауапты азаматтардың жалтақтығынан күрделі өзгерістер кейінге шегеріліп отыр.

"Тамыр-танысы барларға грант тарату "дәстүрі" әлі тыйылған жоқ.  Орта білімнің ахуалы тіптен мүшкіл. Оқушылар арасында білім алуда ала-құлалық пайда болды. Кейбіреуі орта білімнен қол үзіп қалды. Індет ауа жайылғалы білім сапасы күрт құлдырап кетті. Бұл кімге тиімді болды екен? Ақыр соңы сорлайтын халық. Айналып келгенде халық ұтылды", – дейді халық қалаулысы.

Смирнова барша ата-аналардың білікті, іскер маманға мұхтаж екенін айтады. Алайда пандемия кесірінен ұстаздардың көпшілігі жұмыс тәсілін өзгертуге мәжбүр болған.


"Қазіргідей қым-қуыт шақта ізденіске қайдан орын болсын? Ұстаздардың шабытын сөндіріп, шығармашылығын шектеген қатаң бұйрықтың жағдайында балаға жөнді білім беріле ме? Төбедегі ұйымдардың білім берудегі ашықтық пен шығармашылық еркіндікке тұмсық тығып, талабына көндіруге тырысуы ұстаздардың ізденіске ұмтылысын тежеп тастады.

Саладағы жартыкеш жобалардан аяқ алып жүре алмайсың. "Күнделігі" қалып, "Сфера" дегені пайда шықты. Баланың басын қатырып, ұстазды әбігерге салатын мұндай қисынсыз жобалардың артында шалағай шешімдер тұр.

"Сферасы істен шығып, "Күнделікті" кәдеге асыра алмаған ұстаздар амалсыздан уатсапқа кіріп, өткен сабақты ZOOM арқылы қайтара түсіндіруге мәжбүр", – дейді Смирнова.

Депутат Білім министрлігіндегі педагог дипломы бар әріптестеріне түкпірдегі аудан-ауылдарға барып сабақ өткізуге, осы арқылы ұстаз қауымының жағдайын көзбен көруге кеңес беріпті.


"Мен де мұғаліммін. Мамандығым - биолог. Аймағамбетов - тарихшы. Вице-министрлердің де мұғалім дипломы бар. Ендеше, не тұрыс? Кез-келген мектепке барып, өз пәніміз бойынша күніне 5 сабақ өткізейік. Бір орында аялдап қалмай, келесі күні басқа мектепке бас сұғайық. Сыныптағы жағдаймен жақын танысайық. "Күнделікті" қолданып көрейік. "Сфераның" сапасын тексерейік. Міне, сол кезде Білім министрлігі ұсынған платформалардың пайдасы бар ма, жоқ па нақты білетін боламыз.

Сол кезде ғана ұстаз еңбегін шынайы бағалауды үйренеміз. Мұғалімдер білім саласының барша ауыртпалығын мойымай көтеруде. Қатаң, қасаң талапқа төселуден өзге амалы жоқ. Министрліктегілер ұстаздың жағдайын көзбен көріп, тікелей танысуы керек. Арыз-қарызына құлақ түріп, елдің алдында ақ-адал болғаны жөн", – дейді халық қалаулысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x