Жылдар жүгін арқалаған туынды

Dalanews 23 ақп. 2018 03:56 230

«Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі»  атты еңбегі еліміздің өткен жылдарда бастан кешкен тарихын жүйелі баяндаған құнды еңбек. Төрт бөлімнен тұратын кітаптың мазмұны аса бай, еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған туынды десек болады.  Кітапта әр бөлім өз ішінде бірнеше бөліктерге бөлінген. Олардың атауларына да баса мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты әрі айқын көрініс тапқан». Талдықорғанда Тіл сарайында өткен Елбасы кітабын таныстыру шарасында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев осылай деді.

Өңірдің ақын-жазушылары, зиялы қауым, жас буын өкілдері бас қосқан жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, ақын  Ғабит Тұрсынбай,  облыс әкімі баспасөз қызметінің инспекторы, ақын  Сағыныш Намазшамова, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі, ақын Қажет Андас, «Текелі тынысы» қалалық  газетінің бас редакторы, ақын  Торғын Тұрлыбаевалар Елбасының  жылдар жүгін арқалаған туындысы туралы баяндама жасап, толғамды ойларымен бөлісті.

Баяндамашылар өз сөзінде  кітапта тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, бостандықтың баға жетпес байлығы, мемлекеттілікті жетілдірудің мол мүмкіндіктері егжей-тегжейлі жазылғандығын айтты.

– Президент: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады» деп кітаптың  мазмұнын айқындап берді. Шынында да, тарихи-публицистикалық жанрда жазылған кітапта еліміздің өткені мен болашағына қатысты автордың көзқарасы егжей-тегжейлі баяндалады, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, ақын  Ғабит Тұрсынбай. Сондай-ақ, бұл кітапта   мемлекеттің ішкі саясатының жарқын жетістіктері, ішкі саяси және ішкі экономикалық өзгерістердің қалай жүзеге асырылғандығы туралы, аймақтық қауіпсіздік мәселесі де кеңінен талданғандығын, бұл  халқымызға берері мол еңбек екенін айтты.

Мұнан соң сөз алған ақындар Сағыныш Намазшамова,  Қажет Андас,  Торғын Тұрлыбаевалар  Елбасының "Тәуелсіздік дәуірі" атты кітабы жастарды ертеңгі күнге сеніммен қарауға жетелейтін бірден бір құнды туынды, катаптың болашақ үшін  маңызының зор екенін тілге тиек етіп,  кітаптағы ақпарат саласы бойынша айтылған цитаталардан  да ой қаузады.

Жиынға қатысқан жас буын өкілдері де өздерінің ойларымен бөлісті. Өздерінің нағыз алтын ғасырда өмір сүріп жатқандықтарын мақтан ететіндіктерін де айтты.

–  «Тәуелсіздік дәуірі» атты Елбасының еңбегі Қазақстан халқы үшін ғана емес, Орта Азияның өткені мен ертеңін зерттеушілерге үлкен септігін тигізер құнды қазына болмақ.  Бұл кітапты парақтай отырып  тәуелсіз Қазақстанның кемел келешегін көреміз.  Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты елеулі еңбегі – бір дәуірдің айнасы іспетті, – деді  жиынды қорытындылаған Тіл басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы.

Кеш барысында  жүлдызды жұп  Әліби Бекайдар мен Гүлнұр Нұрасылова «Елім менің» әнін шырқап, отырысты одан әрі  әрледі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x