Асабаны айналаңнан ізде

Dalanews 15 шіл. 2017 16:18 248

Халық саны көбейген сайын той-томалақтар да жиіледі. Кейде күніне екі-үш тойға қатар баруға тура келетіні де жасырын емес. Соған орай қазір асаба да көп, әнші де көп. Бәрі де құралақан қалып жат­қан жоқ, несібелеріне орай жүргізетін тойлар табылады.

...Асаба көп дедік қой. Қазір кім асаба емес, танымал тележүргізушілерден бастап, әншілер, журналистер, ең аяғы екі ауыз мақал-мәтелдің басын қосып сөйлей алатын, көпшілік ортада қысылмай, өзін еркін ұстай білетін қарапайым ауыл азаматына дейін қалың тойдың ортасында жүр. Көп бол­ған соң таңдау жағы той жасайтын адамның еркіне тиетіні – заңдылық. Адамның бәрі де тойым елдікінен ерекше қызықты өтсін деп тілейді. Сөйтіп «тас лақтырсаң асабаға тиетін» заманда өздерінің талғамына жауап бере алатын асабаны іздестіреді.

...Ертеректе ауылда сөзге ебі бар, асабалықты жарым-жартылай ғана болса да атқара алатын біреуді сайлайтын. Есесіне ол – сенің ауылдасың. Тойға келген бар қонағыңды біледі, кімнің қандай қызметі бары, мінезі қандай, артықшылық-кемшілігі – бәрі-бәрі көкірегінде сайрап тұрғандықтан импровизациялық қабілеті өз-өзінен жұмыс істеп кетеді де, тойды анағұрлым қызықты, күлкілі, көңілді өткізетін. Бастысы, шынайылықтың иісі аңқып тұратын. Тойдан демалып тарқасатынбыз.

Ал қазір ше? Қазіргі той иелері тойын басқаруға танымал әзіл-сықақ театрларының әртістерін шақыруға тырысады. Бұл енді «то­йым қызықты өтсін» дегеннен гөрі, «тойым арқылы біраз абырой жинап алайын» дейтін адамның пендеуи әрекетіне көбірек ұқсайды. Өйткені олар көбіне өздерінің жаттанды сценарийлерін судыратып айтып өте шығады да, келіскен буда-буда ақшаны қалтасына салып алып, қарасын батырады. Олай дейтінім, ондай танымал асабалар сенің ешқандай жекжатыңды да, досыңды да танымайды, танымаған соң тілек айтатын адамның болмысына, табиғатына лайықтап, келтіріп мақтау сөз айта алмайды. Пәленбай тойда айтылып, жұрттың құлағын сарсылтқан мақал-мәтелдері мен тақпақтарын «төгіп-төгіп» жібергенде тойдан қашып кеткің келеді. Той той емес, ресми жиынға айналып кетеді.

Осыған байланысты айтарым, асабаны өз айналаңнан іздеген дұрыс. Өзіңді жақсы танитын, сыр алысып, сыр беріскен, «тойын нашар басқарсам кейін көшеде көрсем ұялып қаламын-ау» деп қысылатын адамды сайлағаныңыз мақұлырақ. Дәл осылай жасасаңыз – тойыңыз қызықты өтеді.

М. ОРАЗТАЙҰЛЫ.

 

Дереккөзі: zamana.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x