Оңтүстік жастары наурыз мерекесін тойлауда

Dalanews 18 нау. 2017 04:42 396

Облыстық «Жастар ресурстық орталығында» 22-наурыз «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мейрамына орай облыс жастары арасында «Ұлыстың Ұлы күні әз Наурыз» атты мерекелік іс-шарасы өтті.

Шараға ОҚО әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков пен аудан, қала «Жастар ресурстық орталықтарының» басшылары мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.

Мерекелік шара барысында аудан, қалалардан келген жастар арасында қол күрес, қазақша күрес, арқан тарту, кір тасын көтеру, ұлттық қол өнер шығармашылығы және дәстүрлі ән айту бойынша сайыстар ұйымдастырылып, нәтижесі бойынша бағалы сыйлықтармен арнайы алғыс хаттар табысталды.

Атап айтқанда, қол күрестен шымкенттік Мағжан Шәмиев ешкімге дес бермей, 1-орынды алса, 2-орын жерлесі Ақтай Талғатқа, 3-орын шардаралық Әбілда Ержанға бұйырды.

Арқан тарту сайынынан мақтарааралдық жастарға ешкім тең келген жоқ. Күш атасы – Қажымұқанның ізбасарлары ретінде шымкенттік қатысушылар 2-орынды, төлебилік жастар 3-орынды иемденді.

Ал кір тасын көтеріп сайысқа түскендерден 1-орынды Шардара ауданынан Айнабек Мұрат, 2-орынды Сарыағаш ауданынан Бақытжан Тұрдықұлов, 3-орынды Төлеби ауданынан Мұхтаржан Сералиев иемденді.

"Ұлттық қол өнер шығармашылығы" байқауынан 1-орын Қанат Кеңесовке (Сарыағаш ауданы) бұйырса, 2-орын Жанайым Нұрділлаеваға (Шымкент) табысталды. 3-орын Ақерке  Жолдасқа (Бәйдібек ауданы) берілді.



Ал "Дәстүрлі ән салу" сайысы бойынша созақтық жастың бағы мен бабы қатар шапты. Ән айтудан Елдос Жүсіповтің мерейі үстем болса, шымкенттік ару Айлез Назерке де жүлделі екінші орынды қанжығасына байлады. Үздік үштіктің құрамында Төлеби ауданының намысын қорғап келген Ханыбек Тоқтақұлов та бар.



ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x