Киевте журналист Павел Шеремет жарылыстан қаза тапты

Dalanews 20 шіл. 2016 15:54 242

Украина астанасында сәрсенбі күні таңертең белгілі журналист Павел Шереметтің машинасы жарылып кетті. Журналист қайтыс болды.

Шеремет жұмыс істеген «Украинская правда» басылымының хабарлауынша, журналист таңертең көлігіне отырып, үйінен ондаған метрге алыстай бергенде автокөлік жарылған. Машинаның «Украинская правда» жетекшісі Алена Притулге тиесілі екені белгілі болды. Аленаның өзі бұл кезде көлікте болмаған.

Павел Шеремет – беларустік, ресейлік және украиналық белгілі журналист. Ол 44 жаста еді. Журналистің тәжірибесін ол беларустік телевидениеде бастады. 1998-2008 жылдары Шеремет ресейлік телевидениенің «Бірінші арнасында» арнайы тілші, «Время» бағдарламасының жүргізушісі және деректі фильмдердің авторы болды. Соңғы бірнеше жылда ол Киевте тұрып, «Украинская правда» басылымында істеді, «Вести» радиосында жүргізуші болды.

Павел Шеремет Азаттық радиосының эфиріне жиі шығатын - Украинадағы және Ресейдегі саяси процестерге пікір білдіретін. Шеремет украиналық Майданды жақтап, ресейлі билікті сынға алды. Соңғы мәрте ол 9 наурызда «Лицом к событию» бағдарламасына қатысқан екен. Бұған дейін Шеремет Қырым, Донбасс және Украинадағы реформалар, дағдарыс туралы пікірлерімен бөліскен еді.

 

«ҚмД» ақпарат

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x