Аян Ғалиев салық мекемесінің қызметкерлері мен клиенттерін құтқарды

Dalanews 19 шіл. 2016 03:56 265

Полиция старшинасы Аян Ғалиев атыс кезінде ғимаратта болған Алматы МКД қызметкерлерін құтқарды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Күдіктіні ұстау барысында Аян Ғалиев өзіне қарулы қарсылық көрсеткен қаскөйді ауыр жаралады, нәтижесінде күдікті қолға түсті.

Аян Ғалиев ішкі істер органдарында 1997 жылдан бері қызмет етіп келген, 10 жыл бойы Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментін күзеткен.

«Оның ерлігі мен жанқиярлығы арқасында қайғылы оқиға кезінде ғимарат ішінде болған МКД қызметкерлері мен салық төлеушілер бір ажалдан аман қалды. Марқұмның артында екі баласы қалған. Қазақстанның мемлекеттік кірістер органдарының барша ұжымы Аян Ғалиевтің есімі мен ерлігін ешқашан ұмытпайды», – деп жазған комитеттің баспасөз қызметі фейсбуктағы парақшасында.

«Мемлекеттік кірістер комитеті қаруланған күдіктіні ұстау кезінде ауыр жараланып, көз жұмған Аян Ерболғанұлы Ғалиевтің жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады», - делінген хабарламада.

Алматы ІІД баспасөз қызметі қаладағы атыс кезінде мерт болғандар туралы ақпаратты жария етті.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x