Freedom Inside '26

"Жылап көтереді": Нұрғали Нүсіпжанов отадан кейін мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

"Жылап көтереді": Нұрғали Нүсіпжанов отадан кейін мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
ашық дереккөзден

Қазақстанның халық әртісі, әйгілі әнші Нұрғали Нүсіпжанов жүрегіне жасалған күрделі отадан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында алғаш рет жазба жариялады. Өнер иесі басынан өткен жағдайды өмірдің үлкен сынағы ретінде қабылдағанын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әнші жазбасында қиындыққа мойымай, тағдырдың салмағын сабырмен көтерудің маңызды екенін жеткізді.

"Отадан кейінгі ой-толғам… Бұл өмір – сынақ… Біреулер сол сынақты жылап көтерсе, екіншілер шыдап көтереді… Тағдыр жолым тақтайдай тегіс емес екенін жалпақ жұртқа жария етпесем де, көп жайтты елдің іші сезеді… Көкірегіне күйік толған – кейде жанған, кейде тоңған адаммын", – деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.

Халық әртісі өзіне ота жасаған Алматыдағы Кардиоорталық дәрігерлеріне алғыс айтты. Ол медицина мамандарының кәсібилігін жоғары бағалап, өзіне екінші өмір сыйлағанын атап өтті.

"Отаның оңайы жоқ. Жүрегіме операция жасап, "киелі сахнаңызға барып, сағыныш мауқыңызды басыңыз, аға" деп маған екінші өмір сыйлаған медицинаның сайыпқырандары Ермағанбет Қуатбаев, Артур Абдимомынов пен Азамат Наурушевке ақ басымды иіп тұрып алғысымды айтамын. Алматымен бірге жасап келе жатқан Кардиоорталық жаңғыра берсін, жандана берсін", – деді әнші.

Жазба соңында Нұрғали Нүсіпжанов денсаулығына алаңдап, дұға-тілегін арнаған барша халыққа ризашылығын білдірді. Желі қолданушылары мен өнердегі әріптестері, оның ішінде Мейрамбек Бесбаев та әншінің тезірек сауығып, сахнаға қайта оралуына тілектестік білдіріп жатыр.