Қазақстан жолдарында электрсамокат, мопед, велосипед және басқа да жеке мобильділік құралдарын пайдаланатындар көбейген сайын жол апатының да саны артып бара жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бас прокуратура мәліметінше, жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол апаты тіркелген. Салдарынан 33 адам қаза тауып, 461 адам жарақат алған. Сондай-ақ, велосипедшілердің кінәсінен 169, шағын электр көлік құралдарын пайдаланушылардың кінәсінен 97, электрсамокат жүргізушілерінің кінәсінен 47 жол апаты болған.
Осы апаттардан кәмелетке толмаған 329 бала зардап шегіп, 10-ы көз жұмған.
Сонымен қатар, жеке мобильділік құралдарын пайдаланушылардың өздері де жолдағы көліктерден зардап шегіп жатыр. Жыл басынан бері электрсамокат жүргізушілерін көлік қағып кеткен 145 жағдай, мопед жүргізушілеріне қатысты 82 және шағын электр көлік құралдарын пайдаланушыларды көлік қағып кеткен 52 жағдай тіркелген.
Осының салдарынан төрт адам қаза тауып, 300-ге жуық адам түрлі жарақат алған.
Айта кетейік, бүгіннен бастап электрсамокаттың тротуарлар, жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады.