Журналист Гүлназ Ауданбаева әлеуметтік желіде жариялаған видеоүндеуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ауыл шаруашылығы министріне және Бас прокурорға жүгініп, Қазақстанда малды міндетті чиптеуге қатысты заңға қарсылық білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, бұл талап азаматтардың құқықтарын шектеп, жеке өміріне қауіп төндіреді.
“Бұл видеом Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ауыл шаруашылығы министріне және Бас прокурорға арналады. Себебі Үкімет қабылдаған, Президент қол қойған заңдар менің өміріме қауіп төндіріп, құқығымды шектеп жатыр. Мен шектеуге қарсымын. Қазақстан малды міндетті чиптеу туралы заң қабылдап қойды. Мен оған қарсымын, себебі оны өте зиян деп санаймын. Оны зиян деп санауға менің табиғи құқығым бар”, - деді журналист.
Гүлназ Ауданбаеваның пікірінше, жануарларды чиптеу халықаралық құқық нормалары тұрғысынан да күмән тудырады. Ол өз сөзінде Нюрнберг кодексіне сілтеме жасап, тірі ағзаларға медициналық немесе биологиялық араласу жасауға қатысты өз ұстанымын жеткізді.
“Қазақстан халықаралық нормалар мен заңдарды ратификациялаған. Сондықтан Нюрнберг кодексі бойынша кез келген тірі ағзаға – адам болсын, жануар болсын – медициналық немесе биологиялық араласу жасауға болмайды деп есептеймін. Ендеше мұндай әрекетке міндеттейтін заңның қабылдануының логикасы қайда?”, - деді ол.
Сонымен қатар журналист Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Азаматтық кодекс нормаларына сүйене отырып, азаматтардың мүлкіне және жеке деректеріне олардың келісімінсіз араласуға болмайтынын айтты.
“Мен жеке деректерімді беруге міндетті емеспін. Мен өз құқығымды қорғап қойғанмын. Осындай заңдардың бар екенін біле тұра, неге оған қайшы келетін талаптарды күштеп енгізіп жатырсыздар?”, - деді Ауданбаева.
Ол чиптің қауіпсіздігіне сенбейтінін де жасырмады.
“Мен микротолқынды пештің тағамын пайдаланбаймын, 5G мұнараларының жанында жүруге тырыспаймын. Сол сияқты чиптің де зиянсыз екеніне сенбеймін. Қанша жерден сертификат көрсетсеңіздер де, сенбеуге менің құқығым бар. Мен вакцина салдырмайтын адаммын. Ал малға чип тағу арқылы оның өнімін пайдаланатын адам ретінде өзіме де әсер етеді деп есептеймін”, - деді журналист.
Сондай-ақ ол мемлекеттен ресми кепілдік талап ететінін айтты.
“Егер мемлекет өкілдері “малыңа ештеңе болмайды, денсаулығыңа зиян келмейді” деп заңдық әрі материалдық жауапкершілікті өз мойнына алып, жазбаша кепілдік берсе, онда чиптеуге келісемін. Ал ондай кепілдік болмаса, мен бұған қарсымын”, - деді ол.
Бұдан бөлек, Гүлназ Ауданбаева цифрлық теңге мен цифрлық бақылауға да қарсы екенін айтып, бұл жөнінде Цифрлық даму министрлігіне, Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға ресми хат жолдағанын мәлімдеді.