Қазақстанда жұмыс беруші мен қызметкер өзара келісіп, бәсекелеспеу туралы шарт жасай алады. Мұндай шарт еңбек құқығын бұзбайды. Конституциялық сот қазақстандықтың өтінішін қарап, осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Informburo мәліметінше, өтініш иесі жұмыстан кеткеннен кейін адамның белгілі бір компанияларда жұмыс істеуіне немесе бәсекелес кәсіппен айналысуына шектеу қою еңбек ету және кәсіпкерлікпен айналысу еркіндігіне қайшы деп есептеген.
Алайда Конституциялық сот Еңбек кодексінің 29-бабы мұндай шартты міндетті етпейтінін түсіндірді. Яғни жұмыс беруші қызметкерге оны біржақты түрде міндеттей алмайды. Бәсекелеспеу туралы шарт екі тараптың келісімімен жасалады, ал қандай шектеулер болатынын тараптар заң талаптарын ескере отырып өздері белгілейді.
Мәселен, қызметкер компаниядан кеткеннен кейін белгілі бір уақыт аралығында бұрынғы жұмыс берушісіне тікелей бәсекелес ұйымда жұмыс істемеуге келісуі мүмкін. Бұл талаптар бәсекелеспеу туралы шартта алдын ала көрсетіледі.
Ал шарттағы талаптардың заңдылығы, қызметкерден айыппұл өндіріп алу немесе оның әрекетінен жұмыс берушіге шығын келген-келмегені жөніндегі дауларды Конституциялық сот емес, жалпы юрисдикциядағы соттар қарайды.