Ұлытау облысындағы Жошы хан кесенесіне апаратын жолдың жай-күйі мен бағыттаушы белгілердің сапасы қоғам белсендісінің сынына ілікті. Дулат Әбіш тарихи орынға баратын туристер үшін тиісті жағдай жасалмағанын айтып, облыстың жаңа әкімі Есет Байкенді аталған мәселеге назар аударуға шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Белсенді Ұлытау облысының құрылғанына төрт жылдан асқанын еске салып, осы уақыт ішінде Жошы хан кесенесіне апаратын жол мен навигация мәселесі толық шешілмегенін айтты.
“Осыдан төрт жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ұлытау облысы құрылды. Оған ел болып қуандық. Ұлытау Алтын Орда тарихымен тығыз байланысты өлке ретінде таныла бастады. Алайда Жошы хан кесенесіне апаратын жолдың қазіргі сиқы мынау. Жол бойындағы белгілер де сын көтермейді”, - деді Дулат Әбіш.
Оның сөзінше, туристік бағыттағы белгілер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылып, кез келген саяхатшыға түсінікті болуы керек.
“Туристер Жошы хан кесенесін оңай тауып, тарихи орынға кедергісіз жетуге тиіс. Жаңадан тағайындалған Ұлытау облысының әкімі Есет Берікұлы осы мәселеге мән береді деп ойлаймын”, - деді қоғам белсендісі.
Айта кетейік, Есет Байкен Ұлытау облысының әкімі қызметіне 2026 жылғы 17 шілдеде тағайындалды. Кейін Мемлекет басшысы оған өңірдің инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде тапсырма берген.
Бір облыс, үш әкім, аяқталмаған жол
Ұлытау облысы 2022 жылы құрылғаннан бері өңірді үш әкім басқарды. Алғашқы әкім Берік Әбдіғалиұлы 2022 жылғы маусымда қызметіне кірісіп, 2024 жылғы қазанға дейін отырды. Облысты дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарында жүздеген шақырым жолды жөндеу мен қалпына келтіру көзделген еді.
Кейін облыс әкімі болған Дастан Рыспеков те жолдың толық аяқталмағанын мойындаған. Оның 2026 жылғы мәліметінше, Жезқазғаннан Жошы хан кесенесіне дейінгі бағыттың 51 шақырымының 35 шақырымына ғана асфальт төселген. Қалған 16 шақырымдағы жұмыс су құбыры жобасына байланысты кейінге шегерілген.
Алайда бұл жобаға қаржы бұған дейін-ақ қарастырылған. 2024 жылы 24KZ Жошы хан кешеніне апаратын 20 шақырым жол мен Қаракеңгір өзені арқылы өтетін көпір құрылысына республикалық бюджеттен 10,2 миллиард теңге бағытталғанын хабарлаған. Сол кезде нысанды 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланған еді. Бірақ мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.