Зорлау, кісі өлтіру және адам ұрлау: талғарлық полицей тергелуде

Dalanews 21 қар. 2025 08:53

Алматы облысы Талғар ауданында болған кісі өлімі, зорлау және бала ұрлау дерегі бойынша тың ақпарат шықты. Қайғылы оқиғаның алдын алуға тиіс болған учаскелік полиция инспекторы қызметінен қуылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуда, деп хабарлайды Dalanews.kz

Tengrinews.kz мәліметінше, Алматы облыстық прокуратурасы бұрынғы полиция қызметкеріне қатысты тергеуді аяқтаған.

Полицейдің қандай кінәсі бар?

Ресми мәлімет бойынша, Талғар аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторына қатысты Қылмыстық Кодекстің екі бірдей бабы бойынша іс қозғалды:

  1. 371-бап, 2-бөлік: «Ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық».

  2. 369-бап, 2-1-бөлік: «Құқық қорғау органы қызметкерінің қызметтік жалғандық жасауы».

Инспектор оқиғадан екі ай өткен соң, яғни 2025 жылдың 4 қарашасында ғана ішкі істер органдарынан босатылған.

Зардап шеккен тараптың адвокаты не дейді?

Зардап шеккен отбасының адвокаты Жандос Палмановтың айтуынша, қайғылы оқиғадан үш күн бұрын (3 қыркүйекте) учаскелік инспектор жәбірленушінің үйіне барған. Дәл сол күні әйелдің үйіне қару ұстаған ер адам келген болатын.

Адвокаттың айтуынша, полицей қорғау нұсқамасын (защитное предписание) толтырып, бірақ оған жәбірленушінің қолын өзі қойып жіберген.

«Сараптама қолтаңбаның жәбірленушіге тиесілі емес екенін анықтады», – дейді Палманов.

Егер полицей сол кезде тиісті шара қолданғанда, 6 қыркүйектегі трагедияның алдын алуға болар ма еді деген сұрақ туындайды.

Қанды оқиғаның хронологиясы

Бұл оқиға Талғар маңындағы Қызылқайрат ауылында болды.

  • Бастауы: Оқиғадан бір ай бұрын жәбірленуші әйел зорлау дерегі бойынша полицияға арызданған. Алайда күдікті ұсталмаған. Кейін отбасы күдіктіні өздері ұстап полицияға тапсырғанымен, оны қайта босатып жіберген.

  • Шарықтау шегі: 6 қыркүйек күні күдікті екі сыбайласымен келіп, әйелдің 27 жастағы інісін атып өлтірген. Марқұмның артында жүкті әйелі мен үш баласы қалды.

  • Баланы ұрлау: Қылмыскерлер әйелдің екі жасар қызын кепілге алып қашқан. Полиция қуғыны кезінде күдікті баламен бірге көлікті жардан құлатқан. Сәби жарақат алып, ота жасалды.

Басты күдіктіге тағылған айыптар

Іс бойынша негізгі фигурант – азамат Е.-ге қатысты тергеу жүріп жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің 11 бабы бойынша айып тағылды, оның ішінде:

  • Кісі өлтіру (топ болып);

  • Адам ұрлау (кәмелетке толмаған баланы);

  • Зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық;

  • Алаяқтық, заңсыз бас бостандығынан айыру;

  • Қаруды заңсыз дайындау және сақтау;

  • Өлтіремін деп қорқыту және т.б.

Сондай-ақ, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі кәмелетке толмаған жасөспірім де кісі өлтіру және адам ұрлау баптары бойынша жауапқа тартылуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар