Сенатта депутаттық сауал жолдаған сенатор Амангелді Нұғманов Қазақстанда зейнетақы жүйесін өзгертіп, оны еңбек өтіліне негіздеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Dala News.
Сенатордың айтуынша, қазіргі зейнетақы жүйесі негізінен жасқа байланысты қалыптасқан және ол бүгінгі еңбек нарығының шынайы жағдайына толық сәйкес келмейді. Сондықтан ол кезең-кезеңімен еңбек өтіліне негізделген модельге көшуді ұсынды.
Нұғмановтың пікірінше, мұндай жүйе азаматтарға зейнетке шығу уақытын өздері анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, қажетті еңбек өтілін жинаған адам өзі шешім қабылдап, зейнетке шыға алады.
Сонымен қатар сенатор бұл өзгерістер бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал ететінін атап өтті. Атап айтқанда, жұмыссыздық деңгейін төмендету, азаматтардың еңбекке деген жауапкершілігін арттыру және бюджетке түсетін жүктемені азайту көзделеді.
Бұдан бөлек, депутат зейнетақы жүйесінде маңызды олқылық бар екенін айтты. Қазіргі заңнамада денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз болғанымен, мүгедектік рәсімдей алмаған азаматтарға ерте зейнетке шығу мүмкіндігі қарастырылмаған.
Осыған байланысты сенатор медициналық көрсеткіштер бойынша зейнетке шығу тетігін енгізуді ұсынды. Яғни, арнайы аурулар тізімі негізінде азаматтарға зейнетақы алу құқығын беру қажет деп есептейді.
Сенатор ұсыныстарды жан-жақты талқылау үшін мемлекеттік органдар, сарапшылар және қоғамдық ұйымдар қатысатын арнайы жұмыс тобын құруды да ұсынды.
Оның пікірінше, бұл өзгерістер зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, оны қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға бейімдеуге мүмкіндік береді.
