Зертханалар енді тек құжатпен емес, камерамен де тексеріледі

Зертханалар енді тек құжатпен емес, камерамен де тексеріледі
pixabay.com

Қазақстанда көлік құралдарын сынақтан өткізетін зертханаларды бағалау кезінде фото және бейнетіркеу тетігі енгізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл жұмыс КТРМ Сауда және интеграция министрлігінің Ұлттық аккредиттеу орталығы тарапынан жүргізіліп жатыр.

Жаңа тәсіл зертханалардың көлік құралы конструкциясының қауіпсіздік сертификатын беру үшін қажетті сынақтарды іс жүзінде жүргізетінін тексеруге мүмкіндік береді.

Аккредиттеу жөніндегі сарапшы аудиторлар зертханадағы әрбір сынақ жабдығын фото және видеоға түсіреді. Оның зауыттық нөмірі, техникалық жағдайы, өлшеу диапазоны және жұмыс процесі тіркеледі. Бұл жабдықтың нақты осы зертханада орналасқанын және сынақ кезінде пайдаланылғанын растауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бақылау сынақтарының өзі де бейнетаспаға жазылады. Осы арқылы зертхананың жұмысты өз күшімен орындағаны, тиісті жабдық пен білікті мамандары бар екені тексеріледі.

Ұлттық аккредиттеу орталығының мәліметінше, фото және бейнематериалдар кейін туындауы мүмкін даулы жағдайларды да нақтылауға мүмкіндік береді. Түсірілім аккредиттеу субъектілерінің келісімімен және жасалған шарттар аясында жүргізіледі.

Жаңа тетік сынақ зертханаларымен ғана шектелмейді. Қазір фото және бейнетіркеу тексеру және калибрлеу зертханаларын, экологиялық сынақтар мен бұзбай бақылау жүргізетін зертханаларды бағалау кезінде де қолданылып жатыр.

Бүгінге дейін жаңа механизм арқылы 55 зертхана бағалаудан өтті. Сонымен қатар сынақ зертханаларындағы жабдықтарды сәйкестендіру жобасы іске асырылып жатыр. Арнайы таңбалау арқылы мамандар бағалау кезінде жабдық туралы ақпаратты цифрлық форматта бірден тексере алады.

2026 жылғы 18 тамыздағы жағдай бойынша 40 аккредиттеу субъектісіндегі жабдық сәйкестендірілді. Көлік саласында жұмыс істейтін сынақ зертханаларына қойылатын тағы бір талап бойынша қажетті жабдықтың кемінде 95%-ы зертхананың меншігінде болуы тиіс.

Бұл талап зертханалардың тек құжат жүзінде аккредиттелуіне жол бермеуге және жүргізілетін сынақтардың нақтылығын арттыруға бағытталған.

Алдағы кезеңде фото және бейнетіркеуді заңнамалық тұрғыдан бекіту жоспарланып отыр. Тиісті өзгерістер қабылданған жағдайда бұл тетік аккредиттеу жүйесінің міндетті элементіне айналмақ.