Зерендіде 2,8 мыңнан астам жалған вакцинация фактісі анықталды

Зерендіде 2,8 мыңнан астам жалған вакцинация фактісі анықталды
Ашық дереккөз.

Ақмола облысының Зеренді ауданында ветеринариялық қауіпсіздік саласында өрескел заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Зеренді ауданы прокуратурасының мәліметінше, тексеру барысында мал басын есепке алу жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегені белгілі болған.

Прокуратура қызметкерлері полицияның учаскелік инспекторларымен бірлесіп жүргізген рейдтер кезінде жалпы саны 7 мыңнан асатын 57 тіркелмеген жылқы табынын анықтаған.

«Мал басының есебін жүргізуде нақты деректердің жоқтығы анықталды. Полицияның учаскелік инспекторларымен бірлескен іс-шаралар барысында жалпы саны 7 мыңнан асатын 57 тіркелмеген жылқы табыны анықталды», - деп хабарлады прокуратура.

Тексеру барысында эпизоотияға қарсы іс-шараларды өткізу кезінде де заң бұзушылықтар белгілі болған. Ветеринариялық дәрігерлер вакцинация актілеріне жалған мәліметтер енгізіп, кейбір жағдайларда мүлде жоқ жануарларды көрсеткен немесе бір малды бірнеше рет есепке алған.

Нәтижесінде ауданда 2,8 мыңнан астам жалған вакцинация фактісі анықталған.

«Жалпы саны 2,8 мың жалған вакцинация фактісі анықталды, мемлекеттік бюджетке 996,2 мың теңге сомасына шығындар өтелді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар аудан аумағындағы 14 мал қорымының ветеринариялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. Атап айтқанда, қорымдардың қоршаулары жоқ, жер учаскелері заңдастырылмаған және балансқа қойылмаған.

Прокурорлар ветеринариялық станция қызметінде де қаржылық заң бұзушылықтарды тапқан. Тексеру барысында қызметкерлерге 6 млн теңгеден астам сыйақы мен үстемақының негізсіз төленгені белгілі болған.

«Қазіргі уақытта оның 4 млн теңгеден астамы бюджетке қайтарылды», - деп мәлім етті қадағалау органы.