Желге ұшқан миллиондар: Таразда 1 500 тал қараусыз қалып, қурап кеткен

Желге ұшқан миллиондар: Таразда 1 500 тал қараусыз қалып, қурап кеткен
Фото: видеодан скрин, Jandy Тараз

Тараздағы Шөлдала шағынауданында мемлекет қаржысына отырғызылған 1 500 түп тал күтімсіз қалып, қурап кеткен. Қала әкімдігі бұған аумақта суару жүйесінің болмауы себеп болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қара талдың шыбықтары 2020 жылы Шөлдала шағынауданының Юбилейный алқабына жақын аумақта отырғызылған. "Тараз орман" мекемесі шамамен 3,5 гектар жерге 1 500 түп көшет еккен. Алайда оларды тұрақты суаратын жүйе қарастырылмағандықтан, талдардың көбі алғашқы кезеңнен-ақ жерсінбей қалған.

Қала әкімдігі көшеттердің қурауына қатысты жүргізілген зерделеу барысында аумақтың астымен жоғары қысымды газ құбыры өтетіні анықталғанын мәлімдеді.

"Осыған байланысты “ҚазТрансГаз” АҚ тарапынан бұл аумақта абаттандыру жұмыстарын жүргізуге, жасыл аймақ құруға және тал егуге рұқсат берілмеген", -  деп хабарлады әкімдік.

Осылайша, көшет отырғызылғанға дейін жердің инженерлік жағдайы толық зерттелмеген. Суару мүмкіндігі мен қауіпсіздік талаптары алдын ала ескерілмей, 1 500 түп талдың тағдыры кейінге қалған.

Әкімдік енді бұл аумаққа суару жүйесін тарту немесе қайтадан көшет отырғызу жоспары жоқ екенін жеткізді.

"Аталған аумаққа болашақта суару жүйесін тарту және тал егу жұмыстарын жүргізу жоспарда қарастырылмаған", - делінген ресми жауапта.

Нәтижесінде бірнеше гектар жерге егілген талдар қурап, жасыл аймақ құруға бағытталған бастама нақты жоспардың жоқтығынан сәтсіз аяқталды. Ал көшеттерді суару мүмкіндігі болмаған және ағаш егуге рұқсат берілмейтін аумақтың неліктен таңдалғаны әзірге белгісіз.