Зеленский Ресеймен келіссөз жүргізуге не қажет екенін айтты

Сағыныш Сардарова 17 мау. 2024 09:38 2972

Киев бір шартпен, яғни Ресей әскерін шығарып, Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтесе, Мәскеумен ертең-ақ келіссөздерді бастауға дайын. Бұл туралы Владимир Зеленский Швейцариядағы бейбітшілік саммитінің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ресей біздің аумағымыздан шықса, ештеңені күтпей ертең-ақ бізбен келіссөздер жүргізе алады. Бұл - БҰҰ Жарғысына құрмет", - деді Зеленский.

Ол Ресейдің келесі бейбітшілік саммитіне қатысуы "олардың бейбітшілікті қалайтынын және соғысты аяқтауға дайын" екенін білдіретінін айтты.

"Ол мұны өзі қалай ма, әлде оны әлемдік қауымдастық мәжбүрлей ме, бұл біз үшін маңызды емес. Біз үшін маңыздысы нәтиже - соғыстың аяқталуы және бейбітшілік", - деді Зеленский.

Оның айтуынша, Украина кейбір елдермен екінші бейбітшілік саммитін өткізу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр, оған дайындық бірнеше жыл емес, бірнеше айға созылады.

Сондай-ақ, ол көптеген ел Ресей өкілдерін қазіргі саммитке тартқысы келетінін, бірақ кейбіреулері олармен тіпті байланысқысы келмейтінін айтты.

Украина бойынша бейбітшілік саммиті 15-16 маусым аралығында Швейцарияда өтті. Оған 160-тан аса ел шақырылды, бірақ ішінара танылған Косовоны қосқанда 92-сі ғана қатысты. Ресей конференцияға шақырылмады.

Саммит қарсаңында Ресей президенті Владимир Путин егер Украина әскері ДХР, ЛХР, Херсон және Запорожье облыстарынан толығымен шығарылса, сондай-ақ, Украина НАТО-ға мүшеліктен бас тартса, Мәскеу қақтығысты тоқтатуға дайын екенін айтты.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар