Жасанды интеллект Қазақстанның еңбек нарығы мен экономикасына қандай мүмкіндік пен қауіп әкелуі мүмкін?

Жасанды интеллект Қазақстанның еңбек нарығы мен экономикасына қандай мүмкіндік пен қауіп әкелуі мүмкін?
Фото: gov.kz

Қазақстанда жасанды интеллектінің (ЖИ) енгізілуі алдағы он жылда еңбек нарығына айтарлықтай әсер етпек. Еңбек министрлігінің мәліметінше, осы кезеңде 400 мыңға дейін адам жұмысынан айырылуы мүмкін. Бұл — ел экономикасы үшін елеулі өзгерістің белгісі. Бұған қатыств Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тлеуленова пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz. tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

"Қазір Қазақстан экономикасында шамамен 9,8 миллион адам жұмыс істейді. 400 мың жұмыс орнының қысқаруы – елдегі жалпы жұмыспен қамтудың шамамен 4 пайызы. Еңбек нарығы үшін бұл – айтарлықтай маңызды көрсеткіш", – дейді сарапшы.

Сонымен бірге оның айтуынша, жасанды интеллект Қазақстан экономикасына тек қауіп емес, сонымен қатар жаңа даму мүмкіндіктерін де алып келеді.

"PwC бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 15 триллион доллардан асуы мүмкін", – дейді ол.

Ұзақ мерзімді перспективада жасанды интеллект Қазақстан экономикасындағы негізгі құрылымдық мәселелердің бірі саналатын еңбек өнімділігін арттырудың маңызды факторына айналуы ықтимал.

Бизнес үшін ЖИ енгізу операциялық шығындарды азайтып, процестерді жылдамдатуға, талдау сапасын жақсартуға және ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Бұл әсіресе банк саласы, логистика, тау-кен өнеркәсібі, сауда және мемлекеттік басқару үшін маңызды. Саида Тлеуленованың пікірінше, құжат айналымы мен күнделікті қайталанатын операцияларды ішінара автоматтандырудың өзі мемлекет пен бизнеске жыл сайын жүздеген миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.

"Жасанды интеллект экономиканы ашық жүргізудің де қозғаушы күшіне айналуы мүмкін. Процестер цифрлық форматқа көшкен сайын жемқорлыққа, көлеңкелі схемаларға және адами факторға орын азаяды. Бұл мемлекет үшін салық түсімдерінің артуына және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына ықпал етеді", – дейді қаржыгер.

Сарапшы мемлекеттік сектордағы ықпалға да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан дәстүрлі түрде жоғары әкімшілік шығындар мәселесімен бетпе-бет келеді. Ал мемлекеттік қызметтерді, талдау жүйелерін және деректерді өңдеуді автоматтандыру бюрократияны азайтып, шешім қабылдау процесін жеделдетіп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыра алады.

"Сонымен қатар жасанды интеллект жаңа салалар мен мамандықтардың пайда болуына жол ашуы мүмкін", – дейді сарапшы.

Қазірдің өзінде әлемде деректерді талдау, киберқауіпсіздік, ЖИ шешімдерін әзірлеу, цифрлық инфрақұрылым және бизнес-процестерді автоматтандыру салаларындағы мамандарға сұраныс қарқынды өсіп келеді.

"Егер Қазақстан білім беру жүйесі мен кадр даярлау саласын уақытылы бейімдей алса, ел тек технология тұтынушысы болып қалмай, аймақтағы жаңа цифрлық экономиканың бір бөлігіне айналуға мүмкіндік алады", – деп атап өтті сарапшы.

Макроэкономикалық тұрғыдан алғанда, жасанды интеллектіге тез бейімделген мемлекеттер қосымша бәсекелік артықшылыққа ие болады. Бұл Қазақстан үшін аса маңызды, себебі шикізаттық экономика моделі біртіндеп өзінің жоғары өсім беру әлеуетін жоғалтып келеді.

"Жасанды интеллект технологиялық әрі әртараптандырылған экономикаға көшу құралдарының біріне айналуы мүмкін. Бірақ бұл жерде технологияны енгізу жылдамдығы ғана емес, экономика мен білім беру жүйесінің өзгерістерге бейімделу қабілеті де маңызды", – деп түйіндеді Саида Тлеуленова.