Freedom Inside '26

Заңсыз жанармай тасымалына тосқауыл: шекарадан 12 тоннаға жуық жанар-жағармай шығарылмақ болған

Заңсыз жанармай тасымалына тосқауыл: шекарадан 12 тоннаға жуық жанар-жағармай шығарылмақ болған
Фото: ІІМ

Жамбыл облысының Қордай ауылында полиция қызметкерлері мен салық органдарының мамандары қосымша жанармай бактарын орнатумен айналысатын 16 техникалық қызмет көрсету орталығын тексерді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тексеру нәтижесінде алты нысан иесіне қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, кейінгі бір айдың ішінде шекара арқылы заңсыз шығарылмақ болған шамамен 12 тонна жанар-жағармай материалының жолы кесілген.

Сонымен қатар қосымша жанармай бактарымен қайта жабдықталған 54 автокөлік анықталды. Олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі таңда мемлекеттік шекарадағы 48 автомобиль өткізу бекетінде патрульдік полицияның 59 бақылау бекеті жұмыс істеп тұр.

Құқық қорғау органдары шекара маңындағы Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстарына ерекше назар аударып отыр.