Заңсыз иемденілген 12 млрд теңгенің активі қайда жұмсалатыны белгілі болды

Сағыныш Сардарова 28 қаз. 2024 10:04 1481

12 млрд теңге сомасына әлеуметтік жобаларды іске асыру басталды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Биыл қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңның субъектілері әлеуметтік-мәдени объектілерді салуға қатысуы қажеттігін атап өтті.

"Активтерді қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында тізілім субъектілерімен 12 млрд теңгеге әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша 4 келісімге қол қойылды", - деп жазылған Бас прокуратура хабарламасында.

Солардың бірі – Алматы қаласында заманауи мәдениет орталығын салу жобасы. Оның ауданы үш мың шаршы метрден асады және арнайы залдар мен әмбебап көрме алаңдарын, білім беру және демалыс орындарын қамтиды. Объект іске қосылғаннан кейін жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтарынан келушілерге тегін репетициялар мен шеберлік сабақтары өткізіледі деп күтіліп отыр.

Тағы бір мысал - Шымкентте мұқтаж отбасыларды одан әрі қамтамасыз ету үшін мемлекет меншігіне өтетін көпқабатты тұрғын үй құрылысы.

Бас прокуратура бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен Түркістан және Ақмола облыстарында әлеуметтік нысандар салынатыны белгілі болды. Барлық қаражат әлеуметтік пайдалы мақсаттарға одан әрі қайта бөлу үшін Арнаулы мемлекеттік қорға жіберіледі.

Үкімет Ақмола облысының Зеренді ауылында құны 2,1 млрд теңге болатын спорт кешенін және Түркістан облысының Темірлан аулында 890 млн теңге сомаға музыка мектебін салу жөніндегі алғашқы екі әлеуметтік жобаны іске асыруға Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылдады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар