Қазақстанды ғана емес, шетелдерді де елең еткізген Бишімбаев ісіне қатысты сот үкімі шықты. Әйелін өлтірді деген ауыр айып тағылған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Dalanews.kz осы іске қатысты заңгер пікірін сұрады.
Заңгер Тілеужан Кішкенебаевтың сөзінше, Бишімбаевқа сот әділ үкім шығарды. Бұл қылмыстық іске қатысы бар мән-жайды, деректер мен дәлелдерді талдап барып шығарылған үкім болды.
"Бишімбаевқа қатысты үкім заңды негізде шығарылды. Себебі тағылған айыптың өзі аса ауыр айыптардың санатына жатады және кінәсі дәлелін тапқандықтан, оған сот осындай үкім шығарып отыр. Яғни екі бірдей баптың жиынтығы бойынша 24 жыл берілді", - деп түсіндірді маман.
Сарапшының сөзіне сүйенсек, Бишімбаев мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішті беруі үшін де біраз уақыт өтуі керек.
"Жазаның үштен бір бөлігін өтегеннен кейін өтініш беруге болады деген ереже бар. Түрме орналасқан жердің жергілікті соттарына түрме басшысы ұсыныс беретін болса, сот шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселесін қарастырады. Егер де сотталушының мүмкіндігі болмаса, сот оны уақытынан ерте шығарудан бас тартуы мүмкін. Бұл жағдайда жәбірленушінің кешірімі керек болады. Жәбіреленуші тарап кешірім бермесе, шартты түрде мерзімінен бұрын босатпауы мүмкін", - деді ол.
Бұған дейін Жоғарғы сот өкілдері Қуандық Бишімбаев мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішті қашан бере алатынын айтқан еді.
"Аса ауыр қылмысы үшін сотталған Бишімбаев мұндай өтінішхат беруге жазасының 2/3 бөлігінен кейін, яғни бұл 2039-2040 жылдары бере алады", - деді Жоғарғы соттың БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестірушісі Алма Есімова.
Сот үкімімен экс-министр жазасын қауіпсіздігі ең жоғары түзеу мекемесінде өтейтін болды.
"Бұл өте ауыр қылмыстырдың санатына жататын болғандықтан жазаны өтейтін жері де қауіпсіздігі ең жоғары түзеу мекемесінде болуы керек. Бұл мәселеде де сот өзінің бағасын дұрыс берген", - деп түсіндірді бұл турасында заңгер.
Алайда Бишімбаев аппеляциялық шағым беруі мүмкін екен.
"Үкім заңды күшіне енген жоқ. Алдағы уақытта Бишімбаевтың адвокаттары апелляциялық шағым беруі мүмкін. Шағым берілген кезде оны апелляциялық сот алқасы қарайды. Ол жерде үш судья болады. Олар соттың шығарған шешімі заңды немесе заңсыз болғанын қарайды. Дұрыс болмаса, аппелляциялық сот алқасы үкімді өзгертуі мүмкін. Үкім заңды негізде шығарылған, оны өзгертуге ешқандай негіз жоқ деп тапса, үкімді сол күйінде өзгеріссіз қалдырады", - деп түйіндеді ол.
Еске салайық, былтыр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынған еді. Оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.
Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:
- аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
- азаптау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).