12 қыркүйекте Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі. Қазгидромет синоптиктері жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл, екпінді жел мен қатты ыстыққа байланысты дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе және Павлодар облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде бұршақ түсіп, желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Астана қаласында да 12 қыркүйекте жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Желдің екпіні күндіз 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Ал Алматы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында күндіз ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық сақталады. Сонымен қатар бұл өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі жарияланған.
Түркістан және Жамбыл облыстарында таулы аудандарда жаңбыр мен найзағай күтіледі. Түркістан облысының солтүстігінде шаңды дауыл болуы ықтимал.
Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе және Ұлытау облыстарының кей жерлерінде түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.
Қызылорда облысында жел күшейіп, өңір бойынша төтенше өрт қаупі сақталады. Сондай-ақ Атырау, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Абай және басқа да бірқатар өңірлерде өрт қаупінің деңгейі жоғары болып отыр.
Қазгидромет тұрғындарды ауа райының өзгеруіне байланысты сақтық шараларын сақтауға, дауылды ескертулерді ескеруге және төтенше жағдайлар қызметінің ұсынымдарын орындауға шақырды.