Таразда журналист Айжан Әуелбекованы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша хаттама толтыру үшін полицияға шақырған. Бұл туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, әкімшілік іс қозғауға Шу ауданында көмек сұраған адам туралы жарияланымы себеп болған. Журналист бұған дейін әлгі азаматтың өзін құлдықта ұстап отырғанын айтқанын жазып, ақпараттың анық-қанығын тексеру үшін тиісті органдарға хабарласқан.
"Маған көмек сұраған адам туралы жарияланымнан кейін жазылған арыз негізінде ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтыру үшін полицияға шақырып жатыр", – деп жазды Айжан Әуелбекова.
Журналистің сөзінше, осы уақытқа дейін оны өзіне қатысты жазылған арызбен және істің басқа материалдарымен тиісті тәртіпте таныстырмаған. Сондықтан ол жазбасындағы нақты қай сөздердің заңбұзушылық ретінде бағаланғанын білмейтінін айтады.
"Маған хаттама толтыру үшін келуді ұсынып отыр. Бірақ әзірге тағылған кінәнің мәнін түсінуге мүмкіндік бермеді. Яғни маған кімнің және мәтіндегі нақты қандай сөздерге шағымданғаны белгісіз", – деді ол.
Айжан Әуелбекова даулы жазбасында қандай да бір қылмыстың болғанын нақты факт ретінде көрсетпегенін, ешкімді қылмыскер деп атамағанын атап өтті. Оның айтуынша, жарияланымның мақсаты – қиын жағдайға тап болуы ықтимал адамға назар аудартып, ақпараттың құзырлы органдар тарапынан тексерілуіне ықпал ету.
"Мен қандай да бір қылмыс нақты болды деп мәлімдеген жоқпын, ешкімді қылмыскер деп атамадым және болжамды дәлелденген дерек ретінде ұсынбадым. Мәтінде құзырлы органдар тексеруге тиіс ықтимал жағдай туралы ғана айтылды", – деп түсіндірді журналист.
Ол ақпарат қолына тиген бойда құқық қорғау органдарына хабарласып, мәліметтерді соларға жолдағанын жеткізді. Журналистің жазуынша, бұл жағдайға қатысты видео, аудиохабарламалар және көмек сұраған адамның орналасқан жері туралы деректер бар. Сондай-ақ полиция мен Жамбыл облысының прокуратурасы бұған дейін оның сауалдарына берген жауаптарында қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.
"Жағдайдың шын мәнінде қалай болғанын анықтау – журналистің емес, тиісті қызметтердің міндеті. Жарияланымның мақсаты қиын жағдайға тап болуы немесе заңсыз әрекеттің құрбаны болуы мүмкін адамға назар аударту еді", – деді Айжан Әуелбекова.
Журналист құқық қорғау органдарымен сөйлесуден бас тартпайтынын, алайда істің заң аясында объективті қаралуын талап ететінін мәлімдеді.