Жамбыл облысында есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымын ұйымдастырған қылмыстық топтың жетекшісі 17 жылға сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топтың тағы екі мүшесі 15 жылдан бас бостандығынан айырылды.
Тергеу барысында 2025 жылы Тараз және Алматы қалаларында прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген арнайы операция кезінде аса ірі көлемде есірткі мен психотроптық заттарды заңсыз сақтап, өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған.
Тінту барысында дәріханалардан 364 дана «Трамадол» ампуласы, 1869 құты «Тропикамид», 412 дана «Сомнол» таблеткасы, 72 дана «Димедрол» таблеткасы және 17,16 грамм «Оксивин» заты тәркіленген. Полиция бұл препараттардың айналымы заңмен қатаң реттелетін күшті әсер ететін заттар қатарына жататынын атап өтті.
Тергеу барысында қылмыстық схеманы ұйымдастырған адам Тараз қаласының 60 жастағы тұрғыны екені анықталған. Ол Қылмыстық кодекстің 262-бабының 1-бөлігі бойынша, ал оның екі сыбайласы осы баптың 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылған.
Полиция есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымы ауыр қылмыс санатына жататынын және ол үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салды.