Жамбыл облысында сегіз жыл бұрынғы қарақшылық қылмыс ашылды

Жамбыл облысында сегіз жыл бұрынғы қарақшылық қылмыс ашылды
pixabay.com

Жамбыл облысында 2018 жылы жасалған қарақшылық шабуылға күдікті сегіз жылдан кейін ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Полицияның мәліметінше, 2018 жылы Меркі ауданындағы тасжолда белгісіз ер адам әйелге шабуыл жасап, күш қолданып соққыға жыққан. Кейін оның алтын әшекейлерін алып, оқиға орнынан ізін суытқан.

Оқиғадан кейін тәртіп сақшылары қажетті жедел-іздестіру және тергеу шараларын жүргізген. Жәбірленушінің айтуы бойынша күдіктінің фотороботы жасалғанымен, сол кезде оның жеке басын анықтау мүмкін болмаған. Соған қарамастан қылмыстық іс бойынша жұмыс тоқтатылмаған.

Сегіз жылдан кейін ашылмаған қылмыстардың материалдарын зерделеу кезінде полиция қызметкерлерінің бірі фотороботтағы адамды бұрын көрген азамат ретінде таныған. Осы мәліметтің негізінде қосымша жедел іс-шаралар ұйымдастырылған.

Тергеу және жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, прокуратураның үйлестіруімен полицейлер 41 жастағы күдіктінің жүрген жерін анықтап, оны ұстады.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.