Жамбыл облысында балаға шабуыл жасаған кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тексеру әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан кейін жүргізілген. Оның нәтижесінде оқиғаға қатысы бар барлық кәмелетке толмағандардың жеке басы анықталып, олар ата-аналарымен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілген.
Ведомствоның хабарлауынша, жасөспірімнің ата-анасы кәмелетке толмаған жасаған бұзақылық әрекеті және баланы тәрбиелеу мен оқыту жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Зардап шеккен бала дәрігерлердің тексеруінен өтіп, қажетті медициналық көмек алғаннан кейін үйіне жіберілген.
Ал күдікті жасөспірімге қатысты жиналған материалдар заңда көзделген профилактикалық шараларды қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданады.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде жасөспірімнің баланы қуып жетіп, басынан ұрып, көтеріп жерге лақтырып, кейін оқиға орнынан қашып кеткені түсірілген бейнежазба тараған еді.