Жалған 10 мың теңгелік купюра: кәсіпкер шығынға батқанын айтты

Жалған 10 мың теңгелік купюра: кәсіпкер шығынға батқанын айтты
Threads

Әлеуметтік желіде кәсіпкер жалған 10 мың теңгелік банкнотқа байланысты шағымын жариялады. Оның айтуынша, жалған ақша сырт көзге шынайы купюраға өте ұқсас болғандықтан, кассир оны байқамай қабылдап алған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кәсіпкердің сөзінше, олардың дүкеніне күн сайын қолма-қол ақша түседі. Кассаны санау кезінде ол жалған 10 мың теңгелік купюраны анықтаған.

«Бүгін кассаны есептеп отырып, жалған 10 мың теңгелік купюраны байқап қалдым. Кассир оны ажырата алмай, қабылдап алған. Соның салдарынан шығын бізге келді. Сатып алушыға шынайы ақшамен қайтарым беріліп, тауар да сатылып кеткен», – деп жазды ол.

Желі қолданушысы жалған банкноттардың шынайы ақшамен айтарлықтай ұқсас болуы алаңдаушылық тудыратынын айтып, мұндай өнімдерді шығару қаншалықты заңды екеніне күмән келтірген.

Айта кетейік, жалған ақша жасау, сақтау, тасымалдау және айналымға енгізу Қазақстан заңнамасы бойынша қылмыстық жауапкершілікке жатады. Ал күмәнді банкнот анықталған жағдайда оны пайдаланбай, құқық қорғау органдарына немесе банкке жүгіну қажет.