Жалға берілетін баспананың жарты ақысын мемлекет төлейді: Қазақстанда кімдер көмек ала алады?

Жалға берілетін баспананың жарты ақысын мемлекет төлейді: Қазақстанда кімдер көмек ала алады?
gov.kz

Қазақстанда әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспананың ақысының бір бөлігін субсидиялау бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске қосылған, оның операторы - "Отбасы банкі", деп хабарлайды dalanews.kz.

Бағдарлама бойынша жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет есебінен төленсе, қалған 50 пайызын субсидия алушы өзі төлейді.

2022 жылдан бері 45 514 отбасы субсидия алған. Олардың ішінде 34 246 отбасымен жасалған келісім мерзімінен бұрын тоқтатылған. Оның 20 424-і жалға берілетін немесе кредиттік тұрғын үй алған, ал 13 822 отбасымен келісім бағдарлама талаптары сақталмауына байланысты бұзылған. Қазір 11 268 отбасы субсидия алып отыр.

Субсидияға бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар және көпбалалы отбасылар өтініш бере алады. Бұл ретте отбасының әр мүшесіне шаққандағы кейінгі алты айдағы жиынтық табыс күнкөріс минимумының бір еселенген мөлшерінен аспауы керек.

Сондай-ақ, өтініш беруші тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте есепте тұрғанын растауы қажет. Өтініш "Отбасы банкінің" ресми сайты арқылы беріледі.

Өтінішті рәсімдеу кезінде тұрғын үй иесі жалдау келісімін ЭЦҚ арқылы растауы керек. Барлық талап орындалған жағдайда банк, субсидия алушы және үй иесі арасында үшжақты келісім жасалады. Содан кейін мемлекет өз үлесін келісімде белгіленген мерзімде төлейді.