Freedom Inside '26

"Жалақы аз": Жамбылдағы фосфор зауытында жұмысшылар наразылыққа шықты

"Жалақы аз": Жамбылдағы фосфор зауытында жұмысшылар наразылыққа шықты
видео кадры

Жамбыл облысындағы "Жаңа Жамбыл фосфор зауытының" қызметкерлері кәсіпорын басшылығы мен тексеру шараларына қатысты наразылық білдірді. Олардың айтуынша, құқық қорғау органдарының қатысуымен жүргізілген тексеру кезінде жұмысшылардың жеке заттары қызметтік иттердің көмегімен қаралған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жұмысшылардың шағымы

Зауыт алдына жиналған қызметкерлер бұл әрекетті негізсіз әрі қорлайтын шара деп бағалады. Олардың сөзінше, тексеру барысында ондаған адамды алып кеткен. Жұмысшы Ербол Абдуановтың айтуынша, тек олардың ауысымынан 70 адам ұсталып, тексеруге жеткізілген.

– 70 адамды алып кетті. Біздің ауысымда 30 жыл еңбек еткен азамат бар еді. Оны наркологияға апарған. Шкафтардың бәрін астан-кестен шығарды. Бұл түрме емес қой. Бізге тек күзет қызметі қалсын, – деді ол.

«Бастық көп, жұмысшының мәселесі шешілмейді»

Наразылыққа шыққан қызметкерлер өндіріс орнындағы басқарушы құрамның тым көп екенін де көтерді. Олардың пікірінше, зауытта түрлі бағыттарға жауапты директорлар саны шамадан тыс көбейген. Жұмысшы Дәметкен Көшекова кәсіпорында қарапайым еңбеккерлердің мәселесі ескерусіз қалып жатқанын айтты.

– Мұнда әр саланың өз директоры бар. Пол жуатынның да, қауіпсіздік бөлімінің де директоры бар. Жалпы 20 шақты директор отыр. Соларды қысқартып, бір директор қалдырса да болады, – деді ол.

Әлеуметтік төлемдердің кешігуіне шағымданды

Қызметкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдары, зейнетақы жарналары және еңбек демалысына қатысты төлемдер уақытында жүргізілмейтінін алға тартты. Сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты төленетін жәрдемақыларды алу қиын екенін айтты.

Билік бір апта ішінде жауап беруге уәде берді

Оқиға орнына күштік құрылымдардың өкілдері мен жергілікті атқарушы орган басшылары келіп, жұмысшылардың талап-тілектерін тыңдады. Олар көтерілген мәселелер бойынша бір апта ішінде нақты жауап берілетінін мәлімдеді.

Зауыт түсініктеме берді

"Жаңа Жамбыл фосфор зауыты" ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру шаралары мемлекеттік органдардың бастамасымен және қолданыстағы заңнама аясында жүргізілген.

Компания мәліметінше, шаралар есірткі және өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымының алдын алуға бағытталған "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырылған.

Полиция: сегіз адамнан есірткі табылды

Жамбыл облыстық полиция департаменті тексеру нәтижесінде сегіз азаматтан есірткі заттары анықталғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша материалдар сот қарауына жолданған.