Зәкеңнің рухы әлі тынышталған жоқ

Dalanews 15 қар. 2016 05:12 1192

Осыдан 11 жыл бұрын 12 қарашада саясаткер Заманбек Нұрқаділов Алматыдағы үйінде жұмбақ жағдайда қаза тапты. 

Оның жансыз денесінен үш оқтың ізі табылғаны хабарланды. Ресми тергеу «Нұрқаділов өз-өзін екі рет кеудесінен және бір рет басынан тапаншадан атып қаза болған» деген қорытынды жасады. «Жұлдыздар отбасына» сұхбат берген Нұрқаділовтың жары Мақпал Жүнісова 15 жыл отасқан жұбайымен бірге өткізген күндерін еске алыпты.

Иә, Мақпал бұл жайында талай рет сұхбат берген. Бірақ, бұл жолғы ой-пікірі бұрынғылардан ерекше екен. Сонымен ол не дейді?

«Ол түсіме жиі енеді»

Оның армандары көп болатын. «Мерейді мектепке өзім алып барамын» дейтін. Әр айдың 6-сы күні Мерейдің туған күнін өткізетін. Балаларға арналған моторлы машинаның сан түрін әкеп беретін. Мерейдің ойыншық машина жүргізуді меңгергені соншалық,  кейін рульді бір қолымен ұстап отырып-ақ айдайтын болды.

Зәкең: «Біздің қызымыз классный шопыр болады. Екеумізді қалаған жерімізге алып барып, алып келіп жүретін болады. 10 жасынан бастап көлік жүргізушілер мектебіне алып барып, 13-14 жасында  жүргізушілік куәлік алып беремін» деп мәз болатын.

«Ол әлі де менімен бірге…»

Меніңше, Зәкеңнің рухы әлі тынышталған жоқ. Өйткені, өлтірген адамдар табылған да жоқ, жазаланған да жоқ. Қанша ойламайын десем де, еске алмау мүмкін емес. Үйдің қай бөлмесінің қабырғасына қарасам да, Зәкеңнің суреттері ілулі тұр. Шынымды айтсам, Зәкең осы үйде, өзіммен тұрып жатқан сияқты. Түсімде ылғи: «Халдарың қалай, Жануля? Мерей қалай?» деп жағдайымызды сұрап жүреді. Маңдайымнан иіскейді. Мерейді құшақтап, бетінен сүйеді. «Тамақ ішсеңші» дегеніме: «Жануля, асығыспын. Жұмысқа, жиналысқа баруым керек» деп асығып жүреді. Біресе спорттық киімімен келіп: «Демалысқа кетіп барамын» десе, бірде жұмысқа бара жатқандай костюм-шалбарымен келеді. Үйлену тойымызға киген аппақ костюм-шалбарымен де келген кездері  болды. Екеуміз кәдімгідей әңгімелесеміз. Мен ренішімді, көңілім толмаған жайттардың бәрін ақтарылып айтамын.

Зәкең: «Оңбағандар, біліп едім осылай боларын! Жануля, уайымдама! Бәрі дұрыс болады! Жарайды, сонан соң сөйлесерміз» деп кетіп қалады. Жақында ғана түсіме енгенінде мұрт қойып алыпты. «Қойшы, мұрт саған жараспайды екен» десем, «Саған ұнай ма деп, кішкене өзгергім келіп еді» дейді. Кейде тап жаныма келіп тұрған сияқты болады. Тіпті аяғының сыбдырын, кеудесіндегі дем алысын сезгендей боламын. Мұндайда селк етіп, оянып кетем. Әсіресе, біреуге ренжіп, көңіл-күйім түскен сәттерде сол күні бірден түсіме кіреді. Кейде жақсы араласатын таныстарым бас қосуларға шақырып жатады. Киініп, үйден шығайын деп тұрғанымда, Зәкең «Барма!» деп айтқандай болады Содан бармай қоямын. Зәкең екеуміз бірге тұрған 15 жыл ішінде бірімізсіз-біріміз демалыс орындарына барып көрмеппіз. Зәкең кеткелі де ешқайда барып демалған емеспін. Аяғым бастырмайды.

«Біресе күлемін, біресе жылаймын»

Үйіміздің 3-қабатында кішігірім студиям бар. Қызым ұйықтап қалғанда сонда барып, есігін жауып алып, Зәкеңмен үйде, демалыс орындарында бірге түскен бейнематериал-дарды көремін. Біресе күлемін, біресе жылаймын. Жалғыз өзім емес, Зәкең екеуміз бірге көріп отырғандай күйде боламын. Осылайша сағынышымды басамын. Зәкең қазір менен алыста болғанымен, күн өткен сайын мен оған жақындап бара жатқандай сезінемін.

«Иә, жүдеп кеттім. Себебі тынымсыз жұмыс үстінде жүрмін»

Біреулер: «Әлі жассың. Біреумен бас қоссаң, ел саған ештеңе демейді. Жүдеп кетіпсің» деп жатады. Жүдеп кеткен себебім, тынымсыз жұмыс үстінде жүрмін. Гастрольден гастроль, жол жүру де адамды шаршатпай қоймайды. Қызымнан бөлек 30 шақты адамды асырап отырмын. Көмек сұрайтын туған-туыстарымыздың балалары, таныстарым бар. Мен ақша жинап, оны кассаға салып, байлық жиюды мұрат еткен адам емеспін. Тапқан қаражатымды керегімше жұмсап, артылғанын айналамдағыларға таратып беремін. Жетімдер үйіне де көмектесіп тұрамын. Тек бір Аллаға сыйынып отырған адаммын. Үкіметтен алатын 55000 теңге ақшамен күн көру дегеніңіз — күлкілі нәрсе. «Әр адамның өз несібесі болады» дейді. Бізді асырап отырған — халық. Той, гастрольдік сапарлар арқылы, халықтың арқасында күн көріп отырмыз. Сол ақшаға ән жинақтарымды шығарып, тыңдармандарыма сый ретінде таратып беремін.

906503f55b9134d0681a604f9b172a2c_big

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар