Алматыда жаяу жүргіншілер жолдан өтіп бара жатқан сәтте көлігімен дрифт жасаған жүргізуші 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құқық бұзушылық жүргізушінің әлеуметтік желіге өзі жариялаған бейнежазбасы арқылы анықталған. Кадрлардан оның қиылыста көлікті қасақана көлденең сырғытып, қауіпті маневр жасағанын көруге болады. Сол сәтте жаяу жүргіншілер бағдаршамның рұқсат белгісімен жолдан өтіп бара жатқан.
Бұған қоса, бейнежазбада балағат сөздер айтылған. Алматы полициясы жүргізушінің жеке басын анықтап, оны жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартты.
Сот шешімімен құқық бұзушы 20 тәулікке қамалды.
"Жол – көпшілікке көлік жүргізу шеберлігін көрсететін орын емес. Қауіпті әрекетті әлеуметтік желіге жариялау жауапкершіліктен босатпайды. Керісінше, мұндай бейнежазбалар құқық бұзушылықтың мән-жайын анықтауға көмектеседі. Жол қауіпсіздігі талаптары баршаға ортақ", – деп мәлімдеді полиция департаменті.