Ыстықкөлде бес көлік соқтығысып, жасөспірім мен екі бала қаза тапты

Ыстықкөлде бес көлік соқтығысып, жасөспірім мен екі бала қаза тапты
turmush.kg

Қырғызстанның Ыстықкөл облысында бес автокөліктің қатысуымен ірі жол апаты болып, үш адам қаза тапты. Марқұмдардың арасында 16 жастағы қыз бен екі кішкентай бала бар, деп хабарлайды Turmush.

Жол-көлік оқиғасы 19 шілдеде Тон ауданына қарасты Қара-Талаа және Шор-Бұлақ ауылдарының арасында болған. Апат Балықшы – Бөкөнбаев – Қаракөл автожолының 33-шақырымында тіркелді.

Расталған мәлімет бойынша, жол апатынан 16 жастағы қыз, биыл дүниеге келген нәресте және төрт жастағы ұл бала көз жұмған.

Оқиға салдарынан барлығы 12 адам зардап шекті. Үш адам қаза тауып, қалғандары Балықшы қаласындағы ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің үшеуі әлі стационарда ем қабылдап жатыр. Олардың бірі жансақтау бөлімінде болса, тағы екі адам травматология бөліміндегі операцияға дайындалып жатыр. Қазіргі уақытта олардың жағдайы біршама тұрақталған.

Қалған жолаушылар дәрігерлердің тексеруінен кейін амбулаториялық ем алуға жіберілген.

Алдын ала мәліметке сәйкес, Hyundai Palisade және Chevrolet автокөліктері батыстан шығысқа қарай қозғалып келе жатып, қарсы бағыттағы жолаққа шыққан. Салдарынан олар шығыстан батысқа қарай келе жатқан Honda Stream, Chevrolet Spark және Volkswagen Vento көліктерімен соқтығысқан.

Жол апаты Тон аудандық ішкі істер бөлімінде тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр.