Интернет арқылы есірткі сатқан топ 17 жылға сотталды

Самал Асқар 17 нау. 2026 16:07

Ақтөбе облысында интернет арқылы есірткі таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа үкім шықты, деп хабарлайды Dala News.

Прокуратура мәліметінше, 6 күдікті кінәлі деп танылып, оларға 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Тергеу барысында қылмыстық топтың Telegram мессенджері арқылы «байланыссыз» тәсілмен есірткі сатқаны анықталған. Төлемдер арнайы «дропперлердің» банк карталары арқылы жүргізілген.

Күдіктілер Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары мен Астана қаласында ұсталған.

Операция барысында заңсыз айналымнан 10 келіден астам психотроптық зат тәркіленген. Сонымен қатар «Qymyz shop» интернет-дүкенінің қызметі толық тоқтатылды.

Прокуратураның мәліметінше, өңірде жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы жұмыстар күшейтілген. Атап айтқанда:
— 20-дан астам наркомагазин жарнамасы жойылған;
— 500-ден астам профилактикалық іс-шара өткізіліп, 13 мыңнан астам адам қамтылған;
— 2 мыңға жуық банк шоты мен 34 мың шетелдік карта бұғатталған (65,5 млн теңге);
— есірткіге қатысты 260 Telegram-арна мен интернет-ресурсқа қолжетімділік шектелген.

Құзырлы органдар мұндай қылмыстарға қарсы күрес жалғасатынын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove