– ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келуші әрбір адам тарихи орынның архитектурасы мен құрылымы, Ясауи өмірі, хандар мен би-сұлтандар, тарихи жәдігерлермен танысқысы келсе аудиогид құрылғысының көмегіне де жүгіне алады.
Қазіргі таңда аудиогид жобасына кесененің іші ғана енгізілсе, жақын күндері қорық-музейге қарасты мәдени-тарихи орындар мен археологиялық қазба жұмыстары жайлы мәліметтер қамтылатын болады, – деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы.
Алғашқы жоба ретінде 10 құрылғы іске қосылды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген әрбір қонақ аудиогид қызметін таңғы сағат 08:00-ден кешкі 20:00 аралығында 1 сағат бойы қолдана алады. Аталған қызмет түрі – тегін. Тек аппарат қолды болып кетпес үшін кесене ішіндегі жауапты қызметкерлерге кепіл ретінде жеке құжат тапсырылуы тиіс.
Теледидар пульті тәрізді шағын құрылғыдағы тарихи ақпараттарды белгілі бір сандар реттілігі арқылы тыңдауға болады, яғни 1 саны Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен мұралары болса, 2 саны кесененің салыну тарихы және архитектуралық келбетіне арналған.
Аудиогид аппаратының ең алғашқы тұтынушысы Франциядан келген Mерлин есімді турист жаңа құрылғыны қолданып, алған әсерімен бөлісті.
– Аудиогид – туристер үшін өте керемет көмекші. Сәулеттік келбеті жағынан стилі ерекше ғимараттың салыну тарихы, тайқазан, тарихи маңызы бар үлкен бөлмелер жайлы ақпараттар ерекше қызықтырды. Аудиогид қажетті ақпаратты ала отырып, оңаша серуендеуге де өте қолайлы. Қазақстанға жасаған сапарымның барысында Түркістандағы жаңалықтың ең алғашқы қолданушысы болғаным мен үшін тарихи жағдай, – деді Мерлин.
Айта кетсек, аудиогид жобасы үш тілде қолға алынғанымен алдағы уақытта түрік, француз, қытай тілдерін де қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, көзі нашар көретін жандарға да арнап жəдігерлер сипатталған мәтін және дыбыстық жазуы бар нұсқасы енгізілмек.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі баспасөз қызметі