Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуінде қызық жайт болған еді. Қала әкімі тұрғыннан сыйлық алды. Бүгін әкімнің Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуіне сол адам тағы іздеп келді. Ал бұл жолы әкім одан кешірім сұрады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Халық арасында жиі сынға қалатын Досаев өзіне сыйлық жасаған жігітті бірден таныды. Тіпті одан кешірім сұрап та үлгерді.
"Қалайсың? Сені мен үшін хейтке ұшыратты, кешір.
Кейде шын жүректен жасалған нәрселерді қоғам әрқашан дұрыс қабылдай бермейді. Бір жағынан алып қарағанда жұмысыма және әріптестерімнің жұмысына оң баға бергеніңе ризамын, бірақ саған келген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын", - деді Досаев.
Айта кетейік, бұған дейін сол тұрғын әкімге қалада шешілген мәселелер үшін алғыс айтқан еді.
"Бірінші кезекте электр энергиясын есепке алу аспаптарының 141-ден 115 мыңға дейін төмендегені үшін алғысымды білдіргім келеді. Қыркүйекте 90 миллион теңгеден аса қаражат үнемделді. Сіз автобус жолағын жасадыңыз, сізге осы мәселені айтып жүгінгенмін, ол үшін де рақмет. Ақжар және Шұғыла шағынаудандарының тұрғындарының атынан көшелер созылғаны үшін ерекше рақмет. Сондай-ақ, бұл ауданда орталық сумен жабдықтау және кәріз жүйесі болады. Әрбір мәселеде сіз қызығушылық таныттыңыз", - деді алматылық.
Видеодан кадр
Осылайша риза тұрғын Досаевқа оның суреті мен қалада шешілген проблемалар бейнеленген сурет берді. Ал риза шенеунік сыйлықты алып, әйеліне апарып беретінін жеткізді.
"Мені Антикор алып кетсе ше?! Үйге алып кетемін. Сыйлық үшін рақмет, әйеліме апарып беремін", - деп күлді Досаев бұған дейін.