"Халыққа жаны ашитын адам сияқты көрінді" - Перизат Қайратқа 200 млн теңге аударған кәсіпкер

Көркем Алдабергенова 16 шіл. 2025 11:22

Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Қазір судьялар су тасқыны кезінде жиналған қаражатқа қатысты эпизодты қарауда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот отырысында жәбірленуші тараптан 200 млн теңге аударған компанияның өкілі Галя Исаева сөз сөйледі. Оның айтуынша, сол кезеңде компанияны Перизат Қайраттың әлеуметтік желідегі белсенді жарнамасы сендірген.

"Президенттің су тасқыны кезінде жасаған үндеуінен кейін басшылық зардап шеккендерге көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бізге Biz Birgemiz қоры сенімді ұйым болып көрінді. 10 мамыр күні акционерлік қоғамның шотынан қорға 200 млн теңге аудардық. Перизат Қайраттың атынан жарияланған жарнамада несие төлемдерін тоқтату туралы үндеу де болды. Бұл да әсер етті – шын мәнінде, халыққа жаны ашитын адам сияқты көрінді", – деді Исаева.

Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлімі 2-тармағы, 218-бабы 3-бөлімі 3-тармағы және 2-бөлімі 1-тармағы бойынша айып тағылып отыр. Biz Birgemiz қоры 2021 жылы құрылған. Тергеу нұсқасы бойынша, олар жалпы көлемі 3,5 млрд теңге жымқырған.

Басты сот отырысы 14 шілдеде басталды. Кеше сотта Biz Birgemiz қорына 83,5 млн теңге аударған блогер мен “Асар Үме” қорының президенті Асхат Нурмашев куәлік берді. Блогердің айтуынша, қаражатты аударғаннан кейін Перизат Қайрат онымен байланысқа шықпай қойған. Ал Асхат Нұрмашев қор атынан Кайраттың қорына 200 млн теңге бергенін мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар