Банктік Хакатон HalykFinTech-тің қорытындысы жарияланды. Нәтижелері қуантарлық.
Атап айтқанда Халықаралық ІТ университетінің 2 курс студенттері жеңіске жетті. Бұлар: Аппазов Ильяс, Ибрагимов Рустам, Щербаков Константин, Козлов Дмитрий. Осынау талантты жастар телефонды POS-терминал ретінде қолдануға мүмкіндік беретін Halyk Wi-Pay мобильді қосымшасы жобасын ойлап тапты.
Ал екінші орынды ҚБТУ-дың студенттері иеленді. Олар «whatsapp көмекші» деп аталатын жаңа қосымшаны ойлап тапты. Оның пайдасы сонда, жылдам несиелік скроингті жүзеге асырады.
Үшінші орын тағы да Халықаралық ІТ университетінің түлектеріне бұйырды. Университет түлектері Арынғазы Дастан және Трофимов Илья, Телегин Евгений СДУ студенті Әлжанов Бауыржанмен бірлесіп Android-қа арналған «Қатынассыз төлем жасайтын мессенджер» мобильді қосымшасын ойлап тапты.
Барлығы Хакатонға 38 команда тіркелген болған. Ал қатысушылардың саны 100-ден асып жығылды. Хакатон аясында қатысушылар банк клиенттеріне арналған, оның ішінде қызмет көрсету сапасын жақсартатын, бастысы азаматтарға сапалы қызмет көрсететін жаңа өнімдер жасап шығарды.
Және ең басты жаңалық, жеңіске жеткен жобалар банктердің базасына кіретін болады. Жеңімпаздар санатынан көріне алмаған жобалар да банк санатынан қалыс қалмайды және қажет болған жағдайда банк жұмысының аясында жүзеге асатын болады.
Айта кетелік, Хакатон HalykFinTech Халықаралық ІТ университетімен біріге отырып Қазақстан Халық банкінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған еді. Хакатон қазылар алқасының мүшелігіне Инвестиция және даму вице-министрі Рақым Ошақбаев кіргенін қуанышпен хабарлаймыз. Рақым Сәкенұлы өзге де қазылар алқасымен бірлесіп қатысушыларға әділ бағасын берді.
Өз тарапымыздан жеңіске жеткен жастарды, жалпы қатысушыларды Хакатонның сәтті өткізілуімен құттықтаймыз.
Халықаралық ІТ университетінің баспасөз қызметі