“Видеоны өшіріп тастаған”. Марқұм жасөспірімнің әкесі тергеуге сенбейтінін жеткізді

Қаракөз Амантай 08 қаз. 2024 18:52 5645

Талғарда бір топ жігітің қолынан қаза тапқан Шерзаттың әкесі тергеуге сенбейтінін жеткізді. Оның сөзінше, полицей видеоны алып кетіп, өшіріп тастаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Біздің дүкенде тұрған видеоны алып, өшіріп тастаған. Видео жоқ дейді. Ойлаңдаршы, осы әділдік пе? Ол видеода дүкенге кірген қылмыскерлер бар. Соны өшіріп тастаған. Мен сіздерге видеоны көріп, қылмыскерлердің әрқайсын көрсете алам деймін. Енді кімге сенейін, айтыңыздаршы? Қосыңдаршы десем, видеоны өшіріп отыр. Не үшін шықпаймын? Балам үшін шығып отырмын. Мен өлсем өліп кетейін, басқа жасөспірімдер мерт болмасын”, – дейді марқұмның әкесі.

Еске салайық, қайғылы оқиға 4 қазанға қараған түні болған еді. Суық қару асынған бір топ жігіт марқұм жасөспірімге, оның ағасы мен әкесіне шабуыл жасаған.

Шерзаттың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаумен айналысатын. Арты өліммен аяқталған төбелес осы дүкеннен басталған.

Бір жігіт дүкенге келіп, бір құты сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Шерзаттың әкесі сыраның ақшасын төлеуді талап еткен кезде жанжал туындаған.

Шерзат осы сәтте клиенттің дүкеннен шығып кетуін сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. 

Бір топ жігіт Шерзатты тепкілей бастаған. Бұл сәтті тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты. Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай Шерзат жансақтау бөлімінде көз жұмған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар