Вице-президент салалық мемлекеттік органдарға конституциялық құндылықтарды дәріптеуді күшейтуді тапсырды

Вице-президент салалық мемлекеттік органдарға конституциялық құндылықтарды дәріптеуді күшейтуді тапсырды
ҚР Конституциялық кеңесі

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Вице-президент Ерлан Қарин ішкі саясат саласындағы негізгі басымдықтарды айқындап, салалық мемлекеттік органдарға конституциялық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ерлан Қариннің айтуынша, ішкі саясаттың басты үш бағыты – конституциялық құндылықтар, жаңа қоғамдық этика және болашаққа ұмтылыс. Оның ішінде конституциялық құндылықтар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформалардың стратегиялық негізі болып табылады.

«Бұл – Заң және Тәртіптің үстемдігі, жалпыұлттық бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім, мәдениет пен білім, ғылым мен инновациялар, еңбекқорлық пен прогресс, қоршаған ортаға қамқорлық және жауапты патриотизм құндылықтары», – деді ол.

Осыған байланысты Вице-президент мемлекеттік органдарға Президенттің «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлығын және Конституцияны ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын сапалы іске асыруды тапсырды.

Сондай-ақ Ата Заңның негізгі қағидаларын түсіндіру, конституциялық құндылықтарды насихаттау және оларды қоғам санасына орнықтыру мақсатында жүйелі ақпараттық-түсіндіру, сараптамалық және мәдени-ағартушылық жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді.

Ерлан Қарин жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудың да маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл қоғамда прогрессивті мінез-құлық үлгілерін орнықтыруды, ұлттық құндылықтарды нығайтуды және тарихи фактілерді бұрмалауға қарсы тұруды көздейді.

Сонымен қатар «Заң және Тәртіп» қағидатын тәжірибеде жүзеге асыру, «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын кеңейту және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын тиімді іске асыру міндеттері белгіленді. Бұл бағыттағы жұмысты жаңа тәсілдермен жүргізу, соның ішінде бірыңғай цифрлық платформаны, ұлттық тазалық стандартын және өңірлердің тазалық рейтингін енгізу ұсынылды.

Вице-президенттің айтуынша, үшінші басымдық – болашаққа ұмтылыс. Ол ғылым мен білімді, инновациялар мен технологияларды, мәдениет пен ағартушылықты дамыту арқылы адам капиталын нығайтуға бағытталған. Бұл ретте «Қазақстан балалары», «Оқитын ұлт», «Digital Qazaqstan» секілді стратегиялық бастамаларды іске асыру маңызды рөл атқарады.

Ерлан Қарин аталған үш басымдықтың барлығы Қазақстанның қандай қоғам құрып жатқанын және елдің болашақ даму бағытын айқындайтынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл мақсаттарға жетудің негізгі шарты – жасампаз күн тәртібін қалыптастыру және конституциялық құндылықтарды берік ұстану.