Венгер кәсіпкерлері Оңтүстікте біріккен кәсіпорындар құруға ниетті

Dalanews 13 там. 2017 09:27 829

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Венгриядан келген бір топ делегациямен кездесті. Делегация құрамында Яс Надькун Сольнюк аймағының мәжіліс төрағасы Шандор Ковач, Венгрияның Алматыдағы бас консулы Блауманн Ференц, Венгрияның Қазақстандағы құрметті консулы Ласло Хорват бар.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық, мәдени байланыстар төңірегінде әңгіме өрбітіп, пікір алмасты.

Өңір басшысы қонақтарға Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық даму қарқынын баяндап, шетелдік инвесторларға көрсетілетін барлық жеңілдіктерді түсіндірді.

– Оңтүстік Қазақстан облысы – аграрлы өңір. Бізде жылына 300 мың тонна мақта өндіріледі. Өңірде негізінен ауыл шаруашылығы саласына басымдық берілген.  Облыс жеміс-жидек, көкөніс, бау-бақша өнімдерін өндіреді. Аумақтың индустриалды әлеуеті жыл санап жақсарып, бүгінде 11 индустриалды, 1 экономикалық арнайы аймағымыз жұмыс істейді. Аталған аймақтарда инфрақұрылымдық қажеттеліктер толығымен қамтамасыз етіліп, шетелдік инвесторларға барлық жеңілдіктер қарастырылған, – деді Жансейіт Түймебаев.

Ал венгрлік меймандар екі ел арасындағы қарым-қатынастың одан әрі дами түсетініне сенім білдірді. Келешекте мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды жандандырып, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында тығыз жұмыс істеуге ниетті екендіктерін жеткізді.

«Венгрия – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық әріптесі. Екі ел арасында Қазақстан-Венгрия стратегиялық кеңесі, экономикалық ынтымақтасық жөніндегі үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес, сондай-ақ, тікелей инвестициялар бойынша Қазақстан мен Венгрияның бірлескен қоры жұмыс істейді. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, Оңтүстік Қазақстан облысында бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісімдер жүргізетін уақыт жетті.  Бұл қадамдар екі ел арасындағы өзара қарым-қатынасты одан әрі арттырары сөзсіз», – деді Венгрияның Алматыдағы бас консулы Блауманн Ференц.



Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысымен мен Венгрияның сауда-саттық байланысы 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында 1 млн АҚШ долларын құрады.  2017 жылдың 28 қаңтары күні өңірімізге Венгрияның сырты экономикалық байланыс және сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Микола Иштванаи мен Венгрияның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани арнайы келген болатын. Сол кезде Шымкентте Венгрияның құрметті консулдығы ашылып, құрметті консул болып Қайрат Молдасейітов тағайындалған еді. Бүгінгі кездесудің қорытындысында қонақтар облыс басшысына Венгрияға арнайы келіп-кетуді ұсынды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар