Сонымен...
Соңғы кезде әлеуметтік желіде «ватник» деген терминді жиі қолданып жүр. Қолдануын қойшы, көпшілік мұның мағынасын дұрыс түсінбей жүр. Меніңше, «ватник» деген адам табиғатының бір түрі. Мұндай адамға күллі әлем ақылынан адасқандай, ол және оның ұстанымын қолдайтындар ғана дұрыс өмір сүруді білетіндей көрінеді.
«Ватник» – «совок» деген сөздің заманауи өлшемі. «Ватник» – Қызыл империяның тұсында өзінің құл болғанын сол күйінде түсінбеген және сол уақыттан бері ширек ғасыр өтсе де сол бір «ұлы державаны» қайта қалпына келтіруді көксейтін «совок».
Путин бір кездегі homo sovetikus-тың (кеңес адамы, сарказмдық мағынада) сағынышын сезе қойды және «Аяқтан тұру» атты ұлттық-патриоттық жобаны жасап шығарды.
Қарымта қайтару. Реванш. Кек… Жалпы жаман емес. Жеңілген ел жаңа күш жинап бір кездегі жеткен жетістігі мен жіберген есесін бұрынғы жауларын талқандай отыра кері қайтарады. Бірақ, қазіргі Ресейдің жағдайында бұл идеяны жүзеге асыру тұрмақ, сөз қылудың өзі сондай күлкілі. Ресей кімнен жеңілді? Ресей неге жеңілді? Жалпы соғыс болды ма?
Біреу айтуы мүмкін: «Соғыс болған жоқ… Тек КСРО кейпіндегі социализм мен Батыстың кейпіндегі капитализмнің арасындағы бәсеке ғана есімізде» деп. Анығы, Қызыл империямен ешкім жарысқан да, соғысқан да жоқ. Әлем әдепкі өмірін сүрді. Капитализммен күресті КСРО -ның өзі ойлап тапты, оған «қырғи-қабақ соғыс» деген ат берді. Сенсеңіз, дәл осылай 60 жыл бойы алысты. Адасты. Ақыры, жеңіліп тынды. Экономикасынан бастап идеологиясынан дейін қақырады, қабырғасы сөгілді.
Ойдан шығарған дұшпан
Бұл соғыс коммунистерге керек тұғын. Халыққа ішер ас, киер киім тауып бере алмаған олар өзінің дәрменсіздігін осылай ақтады. «Совок» жау іздеді. Жаумен алысу үшін тұрмыс-тіршілігін, саяси-экономикалық һәм адами бостандығын тәрк етті. Құдай-ау қайдағы бостандық, қайдағы құқық?! Қызыл империяға қауіп төніп тұрса, державаға дұшпандар анталап жатса… Олар ұлы Отанға басып кіргісі, оның байлығын тартып алғысы, талан-таражға салғысы келеді. Һomo sovetikus-тың адамы осы идеология негізінде тәрбиеленді.
70 жыл…Жетпіс жыл бой Кеңес одағы өзі ойлап тапқан дұшпанмен арадағы айқасқа әзірленді. Ядролық қару, сансыз танк құрастырды, заманауи әскер құрды. Бәрі бекер. Бәрібір жеңілді. Батыспен арадағы текетірес абыройсыз аяқталды. Қайту құру дәуірі соның дәлелі. Кеңестік үлгі өркениетті өрге емес, көрге сүйрейтін жүйе болып шықты.
Ойлап көріңіз. 1917 жылдан 80-ші жылдардың соңына дейін Ресей өз-өзімен соғысты. Өз-өзіне жеңілді. Қызыл империя идеологиясы нәтижесінде адам баласының соншалықты жиіркенішті түрі – «совок» пайда болды. Коммунизмді құндылық санайтын олар өскісі, өркендегісі, өзгергісі келмеді.
КСРО құлағасын Ресей де тәуелсіздік алған. Бірақ, өзгерген жоқ. Бұл елде баяғы «совоктар» толып жүр. Өткенді көксейтін, есесін қайтарғысы, қайтып тірілмейтін империяны қайта құрғысы келетін…Ресей әлі де аяғынан тұрған жоқ. Ресей сол баяғы КСРО. Оған әлем жау. Әлем оған тек жамандық ойлайды. КСРО кезіндегі Һomo sovetikus-тың қанына сіңген түсінік Ресеймен жалғасып отыр.
Гребенщиковтің әні есіңізде ме?
Әнші: «Біз өз өзімізбен соғысыппыз» дейді. Осы өлеңде Ресейдің соңғы 100 жылғы тарихы жатыр. Ресейлік үлгідегі социализм адамды тең етеміз деп, құл етті. Халқын құл қылған мемлекет ақыры аяғы құлап тынады. Бұл талай дәлелденген. Солай.
Ал Путин ше? Анығы, ол да бұдан бұрынғы КСРО диктаторларының жолымен жүріп келеді. Ойлап қараңыз. Ресей өз ойлап тапқан соғыста өзіне-өзі жеңілгені үшін есе қайтармақ. Кімнен? Қалай? Айналып келгенде, ақыр түбінде тағы Ресей жеңіледі. Жоқ, рас. Өзінің осы күнге дейін жүрген, жүріп келе жатқан тарихи жолын өзгертудің, өркениет көшіне ілесудің орнына Ресей өткенге қайта оралмақшы.
Ресейге барыңыз. «Біз ерекшеміз. Басқалары бір бөлек, ал біз ұлымыз! Біздің тарихымыз бай. Біздің жеріміз Пушкин мен Достоевскийдің туған. Біз ғарышқа ұшқанбыз. Біз фашизмді жеңгенбіз…» дейді. Тоқтамайды. Айта береді. Шаршамайды. Қайталай береді.
Сөзсіз, Ресейдің мәдени мұрасын әлем мойындайды. Бірақ, бұған малданып отыруға бола ма? Өзін «ұлымын» дейтін Ресейдің әлемдік өнеркәсіптік өндірістегі үлесі 3-ақ пайыз. Өзін «ұлымын» дейтін Ресейдің халқы сәл мүмкіндік туса, елден қашуға әзір. Жағдайы барлар ұл-қыздарын шетелге жіберіп жіберген. Ресейдің ауруханаларында емделуге де қорқады олар.
Ұлы ел қандай болады?
Ұлылық деген не? Бұл осы елде тұруды және осы елде өмір сүруді, осы елде жұмыс істеуді армандау деген сөз. Бәрі де сатылатын, адам құқығы тапталатын, заңы ескерілмейін, билігі білгенін істейтін елде тұруды кім армандайды?
Ресейге қатысты жағдай Қазақстанға да тән. Бізде де даурықпа көп. Экономиканы аяқтан тұрғызуға қай заманнан бері талпынып жүрміз, өзі? Бүгін бар, ертең ұмыт болған қаншама бағдарлама қабылданды?! Қаншама реформа жасалды. Не болды? Не өзгерді? Түк те…Сол баяғы қайыршы Қазақстанбыз.
Ал Ресей ше? Путиндік Ресей өзінің империялық ой-пиғылын ақтарып айтып, жасырмай жайып салған әлдеқашан.
«Фашистер», «чуркілер», «қысықкөздер», «гейропа», «пиндосы»…бұлардың барлығы әлдеқашан әдепкі ауызекі тілге еніп кеткен. Ал қалғаны ше? Қалғаны боқтық. Боқтайды. Әлемді боқтайды. Әкесінен бастап шешесіне дейін. Күллі әлемді жек көреді. Күллі әлемді жау санайды. Міне, «ватник» деген осы. Осындай болады.
Аударған, Думан БЫҚАЙ